09.08.2022
  88


Автор: Айгүл Талысова

КЕШ, КӨКТЕМ!

Кештетіп келген көктемде,
Көрдім де сені қуардым.
Самал жел соғып өткенде
Жанарды жаспен суардым.
Алыстап кетіп барасың,
Қолымнан ұшқан бағымдай.
Жанымды өртеп қарасың,
Көз жасым ақты бағынбай.
Тасқыны қатты теңіздей,
Жүрегім тулап жығылды.
Алдымда асты жегізбей,
Тамағыма тас тығылды.
Сағымға сары оранып,
Ғайып боп көзден жоғалдың.
Бар бақытымнан тоналып,
Мұң тағдырыма оралдым.
Кеттің де ұшып қонбадың,
Адасып қалдым тағы да.
Қайғыма менің тоңбадың,
Қонбадың ақыры жаныма.
Құйқылжып өтіп таң сәрі,
Тұрақтап тағы тұрмады.
Жанымның жынды аңсары
Сары алтын сабыр ұрлады.
Кездеспей кеттің, келмедің,
Жұбатып мені аларға.
Бәрібір бірақ сенбедім,
Бәйшешек үміт солар ма?!





Пікір жазу