09.08.2022
  244


Автор: Айгүл Талысова

КАСПИЙДЕМІН!

Толқындары топырақта тоқтаған
Мен әйтеуір көк теңізге көп барам.
Көп барам да аққуларын көрмесем,
Күні-түні жоқтанам!
Каспийімнен жүрем күнде жинап ән,
Әні қандай кемеріне сыймаған?
Мен қуансам толқып жүрем толқындай
Ал қиналсам буырқанып қиналам!
Көк теңізбен жарасамын асылы,
Қызығамын сырларына жасырын.
Жазып алып жыр етемін десем де
Айтпай қойды айтпай қойды ғашығын.
Көк теңіздің қанып жұтып самалын,
Бір жаңарып бір жеңілдеп қаламын.
Сөлім құрып сағынамын аңсаймын,
Аққанатты аққулардың жанарын.
Толқындары бас ұратын жағаға,
Аққулары сыланатын тарана,
Айналшықтап көк теңізге көп барам,
Көп барам да көп отырам жағада!
Басым ауып келем тағы теңізге,
Мені іздесең теңіз жақта деп ізде.
Мен әйтеуір сол теңізге ғашықпын,
Әлде менің анашым да теңіз бе?
Мен отырмын теңізде!





Пікір жазу