ДҮНИЕ ТОЛҒАН ҚАРСЫЛЫҚ
Ойды кезіп, кезігесің бәріне
Ой деген бұл жас па әлде кәрі ме?
Мейлі жас де, мейлі оны кәрі де,
Бірақ ойдың тереңдігі әріде.
Күн арайлап, көкжиекке батқан шақ,
Мен отырмын балғын бала шақты аңсап,
Ойым айтты осы өмірден түйгенін
Сабақтатып жібіндейін иненің:
«Заң шығарғыш органдардың үлкені
Тағдыр деген парламент бар күрделі
Бұл дүние бағың ба, әлде сорың ба,
Бәрі соның қолында».
Біз айтамыз бұл дүние таршылық,
«Жоқ...
Бұл дүние тұнып тұрған қарсылық.
Әппақ жұлдыз, әппақ айдың тек қана
Қара түнде шығатыны секілді
Әппақ жүзге үлбіреген көрікті
Төгіпті қалды, меңді, секпілді»,
деп күлді.
«Ақ қағаздан дақ тимеген пайда жоқ қой дәнеңе
Ал қап-қара сия жұқса, жарап қалар кәдеге.
Тегін деп пе ең еркек жыныс тек әйелді сүюі -
Тек екеуі махаббаттың жалынына күюі -
Бәрінің де тоқ етері, түйіні,
Физикалық заңдылықтың қиыны
Тартылмайды оң заряд пен оң заряд,
Оң зарядқа теріс заряд тиімді».
Бүкіл ғалам – оң заряд пен теріс заряд жиыны
Міне осындай мысалдар көп баршылық,
Заң шығарған «ғалам» өзі қарсы ғып.
Тар түйсікпен кең әлемге сыймаған
Талай пенде өтті өмірді тарсынып.
Бұл не деген толып жатқан қарсылық...?