09.08.2022
84
МАҢ ДАЛАМ
Маң далам, Маңғыстауым, маңғаз далам,
Аруаналар төсіңде паң қозғалған
Таңданам табиғаттың тартуына,
Сар далам сырға тұнған жалғыз ғалам.
Ақық жырды арқалап ақын ұлың
Туған жерден табады тақырыбын.
Тағып жүрдім мойныма тұмардайын,
Күркіреген Қасымның жалын жырын.
Асығамын Абайдың асқарына
Асқақтаған бозбала жаста мына.
Басыламын жырымды бір суарсам,
Жалындаған жүректің жас қанына.
Семсерін сермеп жырдың сенделемін
Келсе мұң, жырмен қағып мен келемін.
Мен сенің Маңғыстауым мұнарлы өлкем,
Еңсесі түспес ботаң, еркең едім.