09.08.2022
191
Асаулық пен паңдық, мәрттік жүз ұғым...
Асаулық пен паңдық, мәрттік жүз ұғым,
Жасықтықпен жолықпайды тізімің.
Адуынды арыны бар бойында,
Айбыны асқақ, өр Адайдың қызымын!
Адай қызы жеңер жаттың жүз ұлын,
Жөнге салып жібереді бұзығын.
Ерін аман сақтап қалған жауынан
Шежірелі Шерқаланың құзымын!
Көкіректе сайрап қалған ізі мың,
Жалғайыншы үлкендердің үзігін.
Қарт Каспийде аққудайын таранған
Аты аңыз-Ақбөбектің ізімін!
Кең Маңғыстау, ару Ақтау тұғырым,
Тұғырымда – мәнді, мәңгі ғұмырым.
Қырда нарттай қызғалдақ боп жайқалған
Манатаның бөктерінің гүлімін!
Отпан тауда – Күн Ананың нұрымын,
Оғыланды деп шығар дәйім құлын-үн.
Бозашының боз құмына аунаған
Мен – Адайдың қызымын!