ӨЛЕҢ СҰРА
Өлең сұра, өлеңнен жаралғанмын,
Мен өйткені, өрліктен нәр алғанмын.
Құшағымда қоңыр күз сағынышы
Қалып барат құндақта бал арманым.
Өлең сұра, мен сонда ақтарылам,
Жырдың аулын сонау гүл шаққа бұрам.
Төлегенше көктемге құс ұшырам,
Жазираның ақ түтек ақпанынан.
Осылайша жырдан сыр сапырамын,
Қасымды да достыққа шақырамын.
Мың күн болған егестің орнына
Жанартау боп бір күнде атыламын!
Поэзия!
Ақ патшам арымайтын,
Күш бар сенде атасын танымайтын.
Ақын деген – өлеңнің құлы ғана,
Өмір бойы жетпейтін, жарымайтын.
Қайтсін, оңай болып па ақынға өмір?
Асау көңіл көнбеген ақылға бір.
Ақын деген – қыңыр жол, қырсық шалған,
Жарып шыққан секілді тақырға гүл.
Өлең сұра, өлеңде құмарым бар,
Өлеңіммен өзгеге ұнағым бар.
Осы арнадан табылған тұнық тамшы,
Осы арнадан жалғасқан Ұлы ағындар.
Мен – өлеңмін!
Өмірмін. Мәңгілікпін!
Суына да батпадым сор құдықтың.
Менде зары, мұңы бар Бозінгеннің,
Менде сазы, үні бар сал жігіттің.
«Сұлушашпын» сыңғырлы сырға ғашық,
«Құлагермін» бәйгеге, сынға асық.
«Райымбекпін» Мұқаңның құйып кеткен
Ақ өлеңі әлемге тұр жарасып.
Өлең сұра, сұрай бер, сұра жаным,
Саған берем қалаған, сұрағаның.
Менсіз өлең көгерер, көгермесін,
Мен өлеңсіз қалайша тұра аламын?!.
Өмір салмай қоймайды, тағдыр әнін,
Кеуделерді шоқ жырға толтырамын.
Толтырам да поэзия арнасында
Гүлсім-жырдың жөргегін қалдырамын.
Өлең сұра, сұрағын, сұрай бергін,
Өлең деген кім десе Құдай дермін!..
Ақын болу бір басқа, өлең оқып
Жылай бергім келеді, жылай бергім!..