09.08.2022
  140


Автор: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ

САЯСИ ЕМЕС ӨЛЕҢ

Жәймен ғана бозарып таң атқанын,
Жалқын сәуле алтынын жалатқанын
Жарық дүние өзгеріп баратқанын
Ол білмей қалды...
Жас шыбықтың тәнінде қалар мәңгі
Кірш етіп қорғасын оқ қадалғанды...
Тырс етіп тамып түскен адал қанды
Ол білмей қалды...
Азаттықтың сезгенде ерек демін
Сұлап түскен сұп-сұр боп теректерім
Теректердің елімді ел еткенін
Ол білмей қалды...
Жасыра алмай сексеуіл жан қыспағын
Жаудырғанда жыңғылдар қарғыстарын
Тал шыбықтың талықсып қан құсқанын
Ол білмей қалды...
Кәрі үлектей еменнің кәрленгенін
Сарүйектей қамыстың зәрленгенін
Ашөзекке кеше олар нәр бергенін
Ол білмей қалды...
Жапырағын жаныма күз ілгенін
Жанарыма жалқы мұң тізілгенін
Жалғыз сәуле – үміттің үзілгенін
Ол білмей қалды.
Өрте,
Бәрі күл болып жансын, жетті.
Қыр, ат,
Қират бәрі де қалсын депті.
Ертең көктер өртеңге алшынкөкті
Ол білмей қалады...





Пікір жазу