М. КАЛАШНИКОВКЕ АШЫҚ ХАТ
Шып-шып қан атып,
Шымырлап бойдан
Шыққанда жаның – жел ескен
Есіл ерлерім,
Еңсесі кетіп,
Емініп жауға егескен.
Бытыраларың бытыратқанда қарамды
Қатар-құрбыдан қапыда қалдық тең өскен.
Бір қара бізге,
Тимофей шалдың тұяғы,
Шығара алмаймын сені естен.
Михайл мырза,
Кулактың ұлы,
Құдайдың құлы емес пе ең?
Ырзасың бізге,
Әрине біз де ырзамыз.
Төрімде сенің түтін түтеткен мұржаңыз.
Асау тарихтың жолына ешкім тұрмаңыз,
Артыңа қарап, бекерге басты бұрмаңыз.
Даңқыңыз өрлеп кетерін кеше білдік пе,
Алтайдан ауып,
Матайдан кеткен мырзамыз.
Дабысың бөлек, даңқыңа кімдер талассын?!
Абырой-атақ алты қырдан да әрі астың.
Бір сұрақ саған,
Рұқсат ет енді Калашшым.
Жарасын таңып, жазасын кімдер өтейді,
Сенің оғыңнан ұшынған ұлын алаштың?
Генерал мырза,
Үндеме тіпті түк мейлі.
Біздің ел сірә, сұраққа жауап күтпейді...
Магазиніңді майлап қой тағы, сайлап қой...
Аз халық деген көп оққа онша бітпейді.
Ырзасың бізге,
Әрине біз де ырзамыз.
Төрімде сенің түтін түтеткен мұржаңыз.
Ал енді Сізге өтініш айтам соңғы рет,
Алтайдан ауып,
Матайдан кеткен мырзамыз.
Қазақты енді қырмаңыз!
Қазақты енді қырмаңыз!