09.08.2022
  86


Автор: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ

ҚАЗАҚ СҮЮ

Қазақ сүю – сарғайған күзді сүю!
Сізді сүю!
Сіз үшін Бізді сүю!
Қазақ атты қара шал басып кеткен
Бабақұмның бетінен ізді сүю!
Қазақ сүю – болады ізгі сүю!..
Қазақ болу дегенің – азап көру!
Азапты да болады ғажап көру.
Қылша мойның қиылып қалғанынша
Қарғыбауын құлдықтың қажап беру!
Тозақ көру…
Содан соң озат шеру!..
Мен көргенде, осылай – қазақ болу.
Дұшпан қазған орлардан қарғып өтіп,
Мыстан құрған торлардан азат болу!..
Қазақ болу қызық та, қиын да емес.
Жүрегіңде жүз майдан…
Миыңда егес…
Қазақ болу – Құдайдың берген бағы!
Қазақ болу сорың да, сыйың да емес…
Сылқым күйден қол үзіп, жыртың биден,
Азаматы көрмеген құлқын-күйбең.
Соңғы нанын бөлісіп достарына,
Соңғы дәнін терісіп құстарына,
Соңғы демі біткенше ұлтын сүйген!
Қазақ бостан…
Төрінде ұл-қыздары!
Азат аспан көгінде жұлдыздары!
Ұлтын сүйген ел көрсем, жұртын сүйген
Бұлтын сүйген тауының шың-құздары!..
Һарам болып ғапылдың жұтқан асы,
Тауан болып жеткенде бұтқа басы,
Жайрағанда жәһілдің жұтханасы,
Қирағанда кәпірдің пұтханасы,
Пана болған ұядай балапанға
Қазақстан – Қазақтың құтханасы!..
Ұмыттырып тозақтай азабымды,
Тұнық қылып қазақтай таза ұғымды;
Қазақ сені сүйеді,
Сүйген мәңгі…
Қазақстан,
Сүйші, сен,
Қазағыңды?!





Пікір жазу