09.08.2022
97
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-08-09-12-08-54.png)
Білесің бе, сені, қалқам, сағыну –
Білесің бе, сені, қалқам, сағыну –
Кірпігіме кермек моншақ тағыну.
Саусағыма сыймай қалған күндерге
Құр кіжініп құдайыма шағыну.
Сенсіз қалу –
Уақытыңды уайымға кезгізу
Қызыл тілден тамшылаған сөз – қызу.
Сенсіз тірлік қаңыраған қаланың
Көшесіне бекер-бекер көз сүзу.
Өзіңді ойлау –
Қаламыңды қара мұңға матыру,
Қиялыңды қияндардан шақыру.
Сезіміңе куә болған Каспийдің
Толқындарын толғап-толғап сапыру.
Өзіңді аңсау –
Домбыраның күмбіріне қосылу.
Пойыз кеткен бетке қарай тосылу,
Бір-бірінсіз болмасына шүкір ғып
Бірікпейтін шойын жолдан шошыну.
Өмір осы…
Мың мұңайып, жүз күлу…
Үмітіңнің бар білері үздігу.
Тәңірімнің жазғаны да, тағдырды –
Сағыныштың сағымына жүздіру