09.08.2022
  107


Автор: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ

ТАУ ТУРАЛЫ

Маған кеше «таудай бол» депті бәрі,
Содан ба екен тау болғым кеп тұрады.
Біздің тауды сел шайып,
жел мүжісе
Шер мен қайғы жүректі жеп тынады.
Шыңғыстаудан шын кетіп, шыңы қалған,
Маңғыстаудан мән кетіп мұңы қалған,
Қаратаудан қар кетіп, суы қалған,
Алатаудан ар кетіп, сұмы қалған.
Әкесінің кім екен құны қалған,
Бар биігін қазақтың жұлып алған?
Аласарып кеткен соң аспантаулар
Ергежейлі кілең қырт мініп алған.
Таусылғанда тәмәм дос, сыбай біткен
Шыңға шығу бір арман шұбай жұртпен.
...Тұрып-тұрып қайтарым тұқыл төбе,
Тұр тауынан Мұсадай Құдай күткен.
Ызғырық жел ықтырып, бетке ұрады.
Тауымды жел, мені шер жеп тынады.
Шөкті кәрі...
Өкініш... өтті бәрі...
Тау басынан талтайған қыртты көрсем
Айқайлағым...
жаңғыртып кеп тұрады.
Неге екен, ә?!





Пікір жазу