09.08.2022
  100


Автор: Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ

Қатар татқан заһарды да, балды да...

Қатар татқан заһарды да, балды да,
Қатар тұтқан арамды да, арды да;
Айтыңдаршы, аспан асты – жер үсті,
Мен кешпеген күна бар ма?
Қалды ма?
Ақтың қолы, Хақтың жолы не деді?
Ертең мені ажал ерні өбеді.
Тас кеудемнен лас күнәмді босатам,
Жасыратын жер қалған жоқ себебі!
Жүр десе де тазалыққа, тұныққа
Жүрегімді жүз көндіріп ырыққа
Арам-настың ісін ойлап кеткенмін,
Адал достың құшағында тұрып та.
Кемеңгерді кекей күліп дос – ғашық,
Кем пікірді келістіріп мошқасып,
Мен өзімді зорлап талай күлдіргем,
Дұшпанымның қолын қысып қоштасып!
Әке сөзін әңгімеге қол санап.
Ана сүтін ақтамадық сор-сана.
Бес күн тірлік бекер өтті міндеті,
Обал білмек, сауап жимақ болса да.
Шірік дүние...
шүйке жүнін көп түттім!
Жарымның да жүйке жібін жеп біттім.
Жан адамнан сұрамадым кешірім,
Жат қатесін кешіре алмай кек тұттым.
Жақсылығын жазса дағы пешене,
Жамандыққа бұрып кеттім нешеме?
Жарты қадам баспай қойдым Құдайға:
«Сен жүргенде, мен жүгірем» десе де.
Құтқарайын деп келгенде құлшылық,
Құлшылыққа жоламадым қырсығып.
Түзелуден күдер үзген үмітсіз
Мен о баста қисық біткен бір шыбық.
Оңашада мен осылай шерленем,
Шайыр біткен өзін бұлай жерлеген.
Күнәмді айтсам, шариғатпен тергеген
Молда біткен тозақи деп мөрлеген.
Тапырақтай жөнелер ем тәйт десе,
Жапырақтай көгерер ем қайт десе.
Кемдігімді басып кетер кемді күн –
Кеңдігіңді білмейді олар, әйтпесе?!
Кешірімшіл, Кең Құдай!..





Пікір жазу