![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-08-09-12-08-29.png)
СЕЗІМ ИІРІМДЕРІ
* * *
Сені мәңгі сүюмен өтем, күнім,
Сағыныштың сарғайтып жетем гүлін.
Болашаққа сәулелі жетелейді
Бұл әлемде сенің бар екендігің.
Жыр тұнады жүрекке, сыр тұнады,
Ашылмай жүрсе көңіл бұлты да әлі.
Көңілімді көлеңке мұнарласа,
Өзіңді ойлап, қайтадан құлпырады.
Мен шықпаған биіксің, шыңсың әлі,
Асқарында арманның тұрсың әлі.
Жұрт көзінен жасырып, сені сүйген
Астарында сезімнің тұншығамын.
Аңсап күткен арманым, аяулым-ау,
Құлай сүйген сенсің ғой шын сыңарым.
Бірге жүрсем өзіңмен, шешілер-ау
Мені ойлантқан өмірдің мың сұрағы.
* * *
«Болмай қалар ма екен, - деп, - еш керегім»,
Бойымдағы ойлардан сескенемін.
Кешіп жүрген ғажайып мына күйді
Қаламымның ұшында кестеледім.
Ауып тұрса аңсарың ақ арманға,
Мәнісіне бармайсың ештеңенің.
Құлай сүйген сезімге еріп жүрмін,
Ұстай алмай тізгінін көш-кеменің.
Сыймайтындай ақылға бұл шақтарды
Түсіне ме кешіріп, өскен елім?!
Шын аңсаған, көп күткен пәк махаббат
Кеш келсе егер басыңа, не істер едің?!
* * *
Ойымды кезіп жүр бейнең,
Жүрегімді жайлаған.
«Арманға бастар айқын жол
Адастырмас» деп ойлағам.
«Адастырмас» деп ойлағам...
Арманым екен алдаған.
Мейлі, сен қандай болсаң да,
Жүректе бөлек, жеке елсің,
«Елес пе едің» деуші едім,
Шынымен елес екенсің!
Көгімде неге жүрдің сен,
Қолыма келіп қонбасаң?!
Көріндің неге көзіме,
Бәрібір мәңгі болмасаң?!
Сезімнің дерті ушығып,
Шаншиды жүрек шыдатпай.
Жайыңа кетсең қайтеді,
Жанымды менің жылатпай?
* * *
Түсінесің бе, арманым,
Жанымды жүрген жүдеп бір?!
Өлеңге ғашық жанымды
Қарып бір өтті жыр өткір.
Көңілің толы күншуақ,
Жүзіңді көріп, дір еттім.
Байқадың ба сен дүрсілін
Өзің деп соққан жүректің?
Сендей-ақ болар Төлеген
Арманы болған Жібектің!