09.08.2022
  93


Автор: Нұргүл МАУЛИНА

РАХАТ АҒАҒА

«Арқа сүйейтін асқар тауым» деп сенгенмін,
Сіз өскен елден көгеріп, көктеп, өнгенмін.
Шөлдесем де, аға, жырыңмен сусындадым мен,
Ауырсам да, аға, жырларыңды оқып, емделдім.
Қуансам да, аға, жырыңды жүрдім құшақтап,
Мұңайсам да, аға, жырларың жүрді құшаққа ап.
Тербеткен менің өлеңге ғашық жанымды,
Бесігім – арман желкенін керген түсі аппақ.
Сіздегі жанға шашатын жарық сәулелі ой
Үлесін қосты кетпеуім үшін ұсақтап.
Арманым тербеп, қиялым көкке көсілді,
Жыр-кемем теңіз айдын қып жүзген Есілді.
Сіз өскен дала, сіз өскен ауыл, ақ мекен
Сая боп маған, бауырына басып өсірді.
Сіз арқау болған өлең мен жырдың мектебі
Қатайтып қанат, түзеген менің көшімді.
Сіз айтқан ақыл, сіз берген ой мен кеңестер –
Жыр жазып жүрсем, ой айта алсам кесімді.
Көгінде мәңгі жыр болып тулап, аққан ән,
Өлең ордасы, өзіңнен жақын жоқ маған!
Тілеген ақ жол, бата алып, аға, өзіңнен
Жүрексіне басып, табалдырығын аттағам.
Өрелі ұрпақ, зерделеп қара, танып сүй,
Өлеңнің жалын-өртіне шарпыл, жанып күй!
Мұқағали, Қадыр, Мұхтар мен Рахат әлемі –
Жетелеп мені, жырға алып келген әліпби.
Сіз өскен топырақ, ерекше мұнда кие бар,
Кие бар мұнда, түсіме кіреді жиі олар.
Таланттың талай тұғыры болған құт мекен,
Көргенде сені, жүрекке жылу ұялар.
Сырлассам сізбен, жоғалар жүзден күмән-ой,
Жатады мөлдір арнасын тауып бұлақ-ой.
Киелі жердің кіндігінде туған жандарға
Ақын боп келіп, жыр жазбай кету – күнә ғой!





Пікір жазу