ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ
«Мереке» дейміз, қиялды көкке жүздіріп,
Ақиқатты айтар ауыздарда тұр жүз құлып.
Тәуелсіздікке шығатын баспалдақтарда
Тоңдырған елді Желтоқсан желі ызғырық.
Желтоқсан – тарих.
Шындығы жетпей жүр елге,
Жасарып елім, жаңғырып, қайта түлеуде.
Ұрпағы үшін ағалар қолға ту алған
Еркіндік деген күреспен келген бұл елге!
Босатқан елді, халықты бұғау-шідерден,
Тарихты танып,
Рухтан, жастар, жігерлен!
Ел үшін туған ұл-қыздар қиған өмірін,
«Желтоқсан деген – қаралы күн» деп білем мен!
Ерлігің – үлгі, шырақ боп елге жанғандар,
Ел болып оны дәріптер жарық таңдар бар.
Сан жылдар күткен азаттық таңын атырып,
Көре алмай кеткен, көктей боп солған армандар!
Аңсатып жеткен халықтың күткен көктемі,
Боялған қанға Алатауымның бөктері.
Желтоқсан бізге сый болып келе қойған жоқ,
Куәгер оған тарихтың қанды беттері.
Барымызды оқып, бағасын бермей жатамыз,
Ортада бүгін тұлғалар отыр аты аңыз.
Олардың бірі – отырған қайсар ағамыз,
Олардың бірі – Айшадай батыр апамыз.
Қаншама биік жеңіске куә мына бел,
Егемен елім, белеске талай шыға бер!
Осынау бізге Отпандай биік ағалар –
Жеңіске жеткен күндерге тірі куәгер.
Осылай елім қарсы алған желді тоқсанын,
Сіздермен нұрлы, сіздермен сұлу аспаным.
Қайнаған қайрат, жігерлеріңізге бойдағы
Намысын жанып алсыншы мынау жастарым!
Тәуелсіздігім, егемендігім, елдігім
Жолында қиын төкпеді дейсің терді кім?!
Сіздердің жарқын істеріңізді ұрпаққа
Танытып терең, насихаттайтын келді күн.
Жыр дәптерінен арнайды бүгін ақын ән,
Егемен елде таңымды күліп атырам.
Ел үшін туған халықтың қаһармандары,
Бас ием сізге жас ұрпақтардың атынан!