ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВҚА
Жүректің қылын жататын шертіп жаның – жыр, аға,
Аққулар жүзген айдын бетінде әнің жүр, аға.
Пернелерінен әуен тудырған қобыз-кеудемнің
Сырнайдай сазды сұлу даусыңды сағындым, аға!
Сағындым, аға, үніңді қоңырау сынды,
Кең даламенен үндескен қоңыр даусыңды.
«Бұрышта қарап елеусіз гитараң қалған»,
Домбыра-шанақ дүниеде күй тарамдалған.
Өлең өлкесін оятқан жарқын тұлғасың,
Әндеріңді, аға, тына қап, толқын тыңдасын.
Жырларың – аға, мұңдасым, жақын сырласым,
Жайып салатын жаныңның партитурасын.
Жырларың, аға, жалынды, жанымды емдесін,
Ақжелкен, аппақ армандарымды әнің тербесін.
Асқар шыңға емес, аспанға қол созған ұлдың
Нарын құмдары сағынар сағым бейнесін.
Танытпас түсін қызыл да жасыл боялған жалған,
Жалт еткен ғұмыр Қозы мен Баяннан қалған.
Қарлығаш-қиял қанаттарында жүрсің бе әлде,
Махамбет сынды нар туған елде оянған арман?!
Заманаменен жарысып мәңгілік көшің,
Әннің шырағы сөнбейді,
«Заңдылық» дерсің.
Дала төсіне алтын әріппен жазылған жырсың,
Ешқашан ешкім қоя алмас соңғы нүктесін!