09.08.2022
  133


Автор: Нұргүл МАУЛИНА

НАҒАШЫЛАРЫМНЫҢ ҮЙІНДЕ

Ерекше сәуле шашып, арайлар күн,
Ежелгі атақонысы Адайлардың;
Атанған Маңғыстау деп бұл мекенге
Іздеп мен нағашымды талай бардым.
Аялап, еркелетпес баласын кім?!
Шешемдей болар маған жанашыр кім?!
Тұрады мұнда жаны жайсаң жандар,
Өзінен аумай қалған анашымның.
Қылатын бір басымның бағасын мың,
Жанындай жақсы көрмес ағасын кім?!
Мейірім шуақтаған көздеріне,
Бар мұнда туыстары анашымның.
Үлгісі сыйластық пен жарасымның,
Хандары тұрар мұнда қараша үйдің.
Хақым бар еркелеуге еш қысылмай,
Өйткені, бұл – шаңырағы нағашымның!
Түсінген жүрегімнің жарасын кім?!
Жамаған көйлегімнің жағасын кім?!
Көңіліңде жазуыңды көзден оқыр
Бар мұнда тұлғалары дара сырдың.
Бар жылу төгілетін жүрегінен,
Осында жиынтығы бар асылдың!
...Көл-көсір сіздердегі мейірімнен
Аңғардым биіктігін аласа үйдің!





Пікір жазу