МЕН ТУҒАН ӨЛКЕ
Биік маған өзім шыққан әр төбе,
Бұл жерде өмір сүру де – үлкен мәртебе.
Дүниенің мен ашыппын есігін
«Маңғыстау» деп аталатын өлкеде.
Жомарт көңіл, жайсаң жандар тұрағы,
Жан аңсарым ауып әркез тұрады.
Ес білгелі ауыл деген – мен үшін
Көзім көрген жер бетінің жұмағы.
Көңілдерде, жүректерде толы арман,
Күтер екен мені қандай жол алдан?!
«Бейнеу» дейтін берекелі өлке бар,
Елін сүйген ерге қоныс бола алған.
«Ақжігіт» деп аталатын ауыл бар,
Сар даланың сағымына оранған,
Мен туғанда топырағы бір уыс
Кіндігімнен тамған қанға боялған.
Тербетіліп осы маңғаз далада
Мен өлеңге ғашық болып оянғам.
Өсер ұлы тек биікке қараған,
Жас өркені бата алған данадан.
Ырыс пенен ынтымақтың ұясы,
Бір жеңнен қол, бас шығарған жағадан.
Ата сөзі, арсызы жоқ таласар,
Азаматы ауылына жарасар.
«Ауыл» десе, ақ сақалы желбіреп,
Елестейді мені өсірген қара шал.
Туыс онда тұрғандардың барлығы,
Сезілмейді онда көңіл тарлығы.
«Ауыл» десе, мені өсірген арқалап,
Елестейді анашымның жаулығы.
Бір жұдырық қылып түйген уысын,
Мұндағы жұрт – менің тума-туысым.
Бір-бірі үшін жататын шын қуанып,
Жүгіретін тастай салып жұмысын.
Тентектерін тезге салған үлкендер,
Ажыратып дұрысы мен бұрысын.
Aнам жүрген адырлардан естілер
«Айналайын!» деген қоңыр, күміс үн.
Ауасы да бұл өлкенің мөп-мөлдір,
Тазалайды жан-дүниенің тынысын.
Ағаларым cенімменен қараған,
Жеңгелерім мені алтынға балаған.
«Құлыным» деп сипап мені самайдан,
Самал желі бұрымымды тараған.
Көріскенде көңіліміз босаған,
«Болсыншы, - деп, - ағайын сау, дос аман!».
Жыл құсындай саған аман жетейін,
Түлеп ұшқан менің алтын босағам