09.08.2022
  112


Автор: Алмас АЛТАЙ

Өмір!

Өмір!
Өмір...
Өрекпідік өктем біз,
Кеуде қақтық...
Бірақ, көппен теп теңбіз!
... Жеріткен соң Жердегі өткен Көктем, Күз
Аспан аңсап, Аспан аңсап жеткенбіз!
Аңсатқан ды, көп аңсатқан Аспан жақ,
Айып па екен, Көкке қарап тамсансақ,
... Ұшып келдік, қанат жалғап талантқа
Елер ме екен, «біз келдік» деп жар салсақ.
Елемейді!
Бола алмасақ ірі, нық!
Еңбек керек!
Керек сірі тірілік!
Көп жұлдыздың бірі болып...
Ірі боп!
Қалу мұрат сол Аспанға ілініп!
Әйдік Аспан, адасу да қас қағым,
Тым қауіпті жолын кесу басқаның,
Күн көрудің өзі мұң боп кетеді,
Аспанның да бұлт бүркейді аспанын.
... Қол созымда тұрған Күнді сағындым,
Күнсіз күмән баяндысы бағымның,
Сол Нұрлы Күн қуат берген бойыма,
Сол қуаттан келмейді енді арылғым...
Өмір, Өмір!
Өтіп жатқан Көктем, Күз...
Біз осылай Аспан жаққа жеткенбіз...
... Аспан жайлап, Күнді көрші еткенбіз,
Ал, былайша, барлығымыз теп теңбіз...





Пікір жазу