АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ
Көне күннен суырсам сыр сабақтап,
Шер қозғалып кетер ме екен, мадақ қап.
Жұмыр басты ие алман деп пендеге,
Түркі сөйлеп кетер ме екен, Қазақ қап.
Тәуелсіздік!
Тұрақ болған құтыма,
Тайқы маңдай, шыда заман жұтына.
Қайың шанақ, қос ішектен күй сауып,
Қайқылардай егіліпті Сыпыра.
Бастан бұлбұл дәурен ауған шағы ма?!
Асқан дүлдүл, ерек жұрттан бағы да.
Қазтуғанға қоныс болмай алаң жұрт,
Қайран Еділ...
Қалған бір кез адыра.
Тәуелсіздік!
Тәтті ұғымсың сезгенге.
Салмағың бар салынбайтын безбенге.
Алты Алаштың басын қосқан Әз Тәуке,
Ел шетінен қалмақ тиген кездерде.
Халық едік, жаннан гөрі ар баққан,
Зорлық көріп отырар ма қалмақтан?
Қабанбай мен Бөгенбайым күркіреп,
Наурызбайдың найзасына қан қатқан.
Саумал күннің сипатынан күй ұққан,
Төле, Қазбек, Әйтекедей биік бар.
Үш арысқа, Абылайды, хан болған,
Бұқар жырау ақылына ұйытқан.
Ыстық қайрат, от жүрекпен қатар кеп,
Тағдыр, бірақ, осыншама қатал ма ед.
Жау қолынан өлу жазбай, дүние ай...
Жарқ етті де өтіп кетті Махамбет.
Бағын деген бұйрық келген сәтінде,
Бас ұра алмай, құлақ аспай жат үнге.
Иса, Досан халық туын көтерген,
Қылыштарын сермеп өткен кәпірге.
Жалғыз кеме қарсы жүзген ағысқа,
Ұлтым үшін мыңмен жалғыз алысқан.
Қанат байлап дүлдүл Қызыл Жебеге,
Тұрар көкем самғап кетті ғарышқа...
Тәуелділік бұғау ма еді тағылған,
Үміт өшпей жүрген халық жадында.
Менің дағы кеудемде жүр бір ұшқын
Желтоқсанда мұзда жанған жалыннан.
Қазақ барда өшпек емес аттары,
Бірлік барда белгілі ғой бақ бары.
Барлық Қазақ біріккенде атқанын
Ұмытпайық!
Азаттықтың ақ таңы!