09.08.2022
191

ЖАНЫМ МЕНІҢ...
Өзіңсіз көкжиек тарылып,
Аспан да қабағын ашпайды...
Отырмын қоңыр мұң жамылып,
Жанарда жас қалды...
Ақтаудың сұп-суық күзі де,
Сығыр күн төге алмай жылылық.
Аңсатты ақ арай жүзіңде
Ұйыған сұлулық...
Ұйқысыз түндер көп қажытқан,
Өзімді кінәлап безіндім.
Өкініп сол шаққа, аз ұққан
Бағасын сезімнің...
Сен мені тағы да кешіріп,
Биіктеп кеттің көз алдымда.
Ештеңе демеймін шешіліп,
Кінәм көп алдыңда.
Сүйемін, бас тарта алмаймын,
Сен менің мөп-мөлдір тұнығым.
Өлгенше тек саған арнаймын,
Жүректің жылуын.
Тек сені көремін түсімде,
Сен мендік бақыттың өлшемі.
Өзімдей сүйгенің үшін де,
Мен сені сүйемін!
Біз бірге шығамыз сан қырға,
Ғашықпыз талай сын шыңдаған.
Ризамын Тәңірге, Тағдырға,
Өзіңді сыйлаған!