09.08.2022
  189


Автор: Алмас АЛТАЙ

М…-ҒА

Самарқау, нәрсіз тірліктен безініп,
Жалпақ әлемде жалғыздық...
Жанартау-жүректен әлсіздік сезіліп,
Жетпей жүргенде тамызық.
Күнімнен күнім айнымай өтіп,
Жалықтым десем, сөзі күпірдің.
Төсекке-дағы жай құлай кетіп,
Азабын тартқам күтудің.
...Мен сені көріп, ұққандай болдым
Қалғанын жарық сәуленің.
Қайтадан күнім шыққандай болды,
Сол оймен енді әуремін.
Жанарың мәңгі есімде қалар,
Жарқылдап жалқы қарап ең.
Ойымнан кетпей еркімді алар,
Ақша беттегі қара мең.
Меңдіге ынтық ақынның көбі,
Жаһұтқа меңді балай ма?
Қалайды кімді, жаныңның «мені»,
Мен ақын емен, алайда.
...Қасыңды сызған қап-қара сия,
Абайсыз тамып, сұлулық туды.
Тәңірдің тәуір қателігінен
Аппақ жүзіңе қара мең тұнды.
Аппақ жүзіңе қара мең тұнып...
Сұлу ең өзің былай да.
Өзі ойлағаннан артықтау шығып,
Таң қалған шығар Құдай да.
...Меңдерің дерт боп меңдеп сананы,
Ұғудан қалдым өзімді.
Күндерден күнге дендеп барады,
Сарқып ап салқын төзімді.
Өзегі болдың, мендегі жырдың,
Жасыруға да шамам жоқ.
Сертіне берік Ер болып тудым.
Меңтайым болсаң... Арман жоқ!





Пікір жазу