09.08.2022
  143


Автор: Алмас АЛТАЙ

КЕЗДЕСКІМ КЕЛЕДІ...

Арамызды жалғап хаттар жатса да,
Дауысыңды естіп күнде жүрсем де.
Таң атса да,
Түн терезе қақса да,
Сені ойлаймын, мұңайсам да, күлсем де.
Білесің ғой, сезесің ғой білемін,
Сезе тұра, «сезбейтінің» қажытты...
Айта алмадым,
Шерге толды жүрегім.
Сүйіп қалсам, болам неге жазықты?!
Тапсырыспен сүйе алмайды екенмін.
Шын сүйемін, бас тарта да алмас ем.
Шын сүйемін, бәріне де бекеммін,
...Тек биікке, тек биікке самға сен.
Өкінсем мен, өкінейін қайғы жеп,
Сол биікке қолым жетпей қалды деп!





Пікір жазу