09.08.2022
  69


Автор: Алмас АЛТАЙ

Мен тағы мұнар жамылдым...

Мен тағы мұнар жамылдым,
Бағасын білмей бағымның.
Өзекті өртеп өкініш,
Тамшысын мұңның тағындым.
Бал сәттер, құның өлшеусіз,
Басыма қайта қонды деп.
Сертіме сенгін селкеусіз,
Сүйгенім осы соңғы деп.
Шырыннан жұтып, есімнен
Адасар тәтті күйде едім...
Мас болып, кәусар иісіңе,
Не жауап бердім, білмедім.
Кешір деп тұрдым алдыңда,
Жібітсе мұзын жаныңның...
...Сынауға құмар тағдырға,
Менің де келмей бағынғым.
Жүргенде түсіп өр еңсем,
Шығарған өзің сол күйден.
...Сен тәтті күйге бөленсең...
Мен түсем қайта ол күйге.
Өзіңсің, күнім, сәулелі,
Мендегі дертті емдеген.
Орнатпа қайта әурені,
Қорқа көрмеші сен менен!





Пікір жазу