09.08.2022
  73


Автор: Алмас АЛТАЙ

Тағы бір сыйын тартты алға...

Тағы бір сыйын тартты алға,
Талқысы көп бұл тағдыр.
Төбемнен төнген шақтарда
Түнеріп тұрған сұрқай күн.
Осылай тосын кездестім,
Бағыма әлде сорыма.
Шырмалғанымды сезбеппін
Махаббаттың торына.
Күлімдеп қарай бересің,
Селт етер менде жоқ дәрмен.
...Уысымда тұр періште,
Қолымда тұр гүл-дәурен!
Бір суып денем, бір ысып,
Өзегімде өрт лаулаған.
Жүрегімді ұстап тұр қысып,
Жанарың шоқтай жайнаған.
Әсем-ақ көркем келбетің,
Сұлу ма сондай жаның да.
Сыйлай саламын жер бетін
Жалғыз-ақ жымиғаныңа!
Ғашықта жөнді ой болмайды,
Болмайды әсте сенуге.
Суретке ғашық болам ба,
Ақылды болсам тегінде?!





Пікір жазу