09.08.2022
  88


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

ТҮНГІ ТЕЛЕФОНДА...

«Алло» деген үнің қандай жағымды,
Жадыратып жібердің-ау жанымды.
«Жаным» деген жалғыз сөзің иітті,
Бойымдағы алпыс екі тамырды.
Әрі қарай жалғасты да үніміз,
Ашылды кеп ақтарыла сырымыз.
Бізден асқан мықты адам жоқ жалғанда,
Мақтағанда бірімізді біріміз.
Әңгімеден өмір жайлы байқап із,
Ертеңгіні оймен пішіп айтамыз.
Елестетіп сен – келіншек, мен – күйеу,
Келешекке сапар шегіп қайтамыз.
Сөйлесеміз жұмылғанша жанарлар,
Сірә бізден шертілмес сыр қалар ма?
Ұйықтаймыз алғыс айтып содан соң
Телефонды ойлап тапқан адамға.





Пікір жазу