09.08.2022
  93


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

ӘЙ, ҚАЙДАМ?

Сені алған күн құшағына қара жер,
Жылар ма екен, зар еңіреп тәмам ел.
Дейді ме екен періштелер жол сілтеп:
«Есік мынау, жұмақ анау, бара бер!»
Жәннат бақтың иемденіп қақ төрін,
Отырсаң бір көңілің бай, шатты өңің.
Айналса ғой алтын зерлі шекпенге,
Сені ораған ақзон мата, ақ кебін.
Періштелер алдыңа дәм, ас тартып,
Фәниіңді ұмыттырса қашқан құт.
Тірілерге бас болдың деп тірлікте,
Өлілерді қойса саған басқартып.
Мадақ болса құлағыңа қонған тек,
Дәулет болса құшағыңа толған көп.
Құдай сені қасына алса,
Шіркін-ай,
«Құдайлықтан бір кез дәмең болған» деп.
Бақытың да, байлығың да көл-көсір,
Әз басыңа тигізгем жоқ мен кесір.
Қаламымды қолыма алып бір түнде,
Арманыңды біліп қойдым...
Сен кешір?
Шықты осылай жүрегімнен жыр түрі,
Жамала ма замананың жыртығы?
Жарылқай гөр күйі кеткен қазақты,
Құдай болып кетіп жатсаң бір күні.





Пікір жазу