09.08.2022
  163


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

МҰСТАФА ШОҚАЙ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?

Ән салғанда бұлбұл көмей, жезтаңдайлы Әміре,
Бүкіл Париж тамсанған-ды дауысына, әніне.
Француздар қошеметтеп, аяғынан тік тұрды,
Ал, Әміре қасиетін мойындатты ұқтырды.
Париж төрі, болып жатқан концерт еді әдемі,
Сол концертте Шоқайұлы Мұстафа да бар еді.
Мұстафаның ұлт дегенде өртенетін өзегі,
Сол үшін де қуғындалып шетте жүрген кезі еді.
Жүректе бар елге деген сағынышы қашанғы,
Әмірені тыңдап тұрып жанарына жас алды.
Концерт бітті, жиналған ел залдан кетіп тарады,
Ал, Мұстафа Әміреге кездесуге барады.
Екі қандас қауышады құшақтаса жабысып,
Мұстафаның жанарынан ыршып түсті тағы шық.
Жанарына жас ап тұрып Әміреге тіл қатты:
– Ей, Әміре, дарыныңмен мойындаттың бұл жақты.
Өзің асқақ, әнің асқақ киімің неге жұпыны?
Дәл қазақы нышан қайда, бөркің қайда үкілі?!
Қошқар мүйіз оюланған шапан қайда келісті?
Киімін киіп үлгі тұтып жүрсің неге орысты?!
Жиналған ел, дарыныңа баға берді ғажап деп,
Бірақ сені мұндағылар білді ме екен қазақ деп?!
Жүрегіңде, жан дүниеңде қымбат ұлттық өнер бар,
Бірақ ұлтты танытатын киіміңде не мән бар?!-
Шоқайұлы осылайша Әміреге ұрысты,
Дегенменен Мұстафаның бар айтқаны дұрыс-ты.
– Еркіндік жоқ, саясат қой, саясат қой бәрі де,
Деді-дағы мұнан артық сөз айтпады Әміре.
Содан бері біздің қазақ қанша жылды өткізді?
Көп аңсаған еркіндікке бүгінде қол жеткізді.
Кеше Кеңес шетке тепті, ұлтты сүйген ерлерді,
Қаншама асыл азаматтар өзге жерде жерленді.
Тарих бәрін жоғалтқан жоқ сақтап қалды мәңгілік,
Мұстафаның ұлтым деген даусы қалды жаңғырып.
Біздің қазақ, қазақ болды ғарышқа да жол ашқан,
Азат елміз, қара бұлттан тазарғандай көк аспан.
Бірақ, бірақ... біреулер мәз жүргеніне тірі боп,
Ұлтын ойлап жас ағызып жылап жүрген бірі жоқ.
Ұлттық бояу табылмайтын азып бітті ел іші,
Мұның бәрі рухсыздық, ұлтсыздықтың жемісі.
Белең алып бара жатыр ар мен ұят саудасы,
Қазақстан – секілді бір рухсыздар ауласы.
Ұлттық бояу көрінбесе әр қазақтың бойында,
Ұлтпен бірге асқақ рух айналады ойынға.
Табылмаса айналадан ұлттық бояу түр пішін,
Зор қасірет сол болады мынау қазақ ұлты үшін.





Пікір жазу