09.08.2022
  60


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

МЕНДІК ӨМІР

Бақтыбай Жайлауға
Разы қылу қиын-ау тәмам елді,
Атағым жоқ жаратын қара жерді.
Әкім емес, ақынмын қарапайым,
Көзқарас жоқ сонда да маған оңды.
Бірі мінеп, ағаның бірі сынап,
Танытпады қабағы жылы шуақ.
Елді ұмытып тоналған жерді ұмытып,
Тыныш жүру екен ғой дұрысы нақ.
Болмасам да жұлдызы жыр көгінің,
Біреуден соң, біреуден ілгерімін.
Сәлем бермей өтеді қарсы алдымнан,
Әкімдікті жағалап жүрген інім.
Жыр оқысам ел жайлы сахнадан,
Тыжырына қарайды әкім ағам.
Ешбіреуге жақпадым сөз етіп ем,
Қабырғасын қазақтың қақыраған.
Ақын ағам сыбырлап жақын келіп,
Тілек айтты: «Болсын, - деп, - тақым берік;
Лирикалық өлең жаз! Саясатты
Қайтесің?!» - деп қояды ақыл беріп.
Туған елден қайтейін сыр жасырып,
Жыр жазуға жетемін түнге асығып.
Елдің жайы мүшкіл ғой түсін, досым,
Гүл теремін қалайша қырға шығып?!
Ой үстінде неше түн, неше күнім,
Қағаз, қалам, шындықпен дос өмірім.
Заржақ болдым, амал не,
Замананың,
Қытығына тисем деп көсемінің.
P.S. Жараса екен ел үшін осы өмірім..





Пікір жазу