09.08.2022
  75


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

АҚЫН ЖҮРЕК

Құнықты қазынаға құмар ағам,
Ұлықты мен қайтейін, ұнамаған.
Мұң-зары естіледі мұнайшының,
Төлеген жырға қосқан мұнарадан.
Қайран ел, жүзер ме екен кемең өрге,
Сыздаған жан-жараңа өлең ем бе?
Шерменде көңіліміз алаңдайды,
Жерден де қауіп төніп төбеден де...
Көмілді күл-қоқысқа менің аулам,
Алаштың кім қайтарар бағын ауған?
Зымиян көк көз келіп сығалайды,
Оқ тескен іргедегі саңылаудан.
Заманым құтырынды жын ұрғандай,
Жойылып кетер ме екем түгім қалмай.
Таландық талайына түлкі беттің,
Білмедім, тәуелсіздік құның қандай?!
Жатқанда жебір қоғам хақымды жеп,
Жендет оқ қарауылдан атылды кеп.
Осының бәрін көзбен көріп тұрып,
Ызадан жарылады ақын жүрек...





Пікір жазу