09.08.2022
  116


Автор: Аллаберген Қонарбаев

СЕКСЕН АЛТЫ. ЖЕЛТОҚСАН

Сексен алты деген жыл тұр жадымда,
Желтоқсан ай орап өтті жалынға.
Қайраттардың қанын жүктеп сол күндер,
Тарихтың қалды отырып тағында.
Дүниенің елең еткен құлағы,
Өртке тсүіп ақ қайыңдар жылады.
Көшелердің миы қалды шашылып,
Жас толқындар жарға соғып құлады.
Бауырымен жорғалады мұңды ызғар,
Жанарынан жасын төкті жұлдыздар.
Зұлымдықтың уысында у ішіп,
Жанталасты қар көзді ұл-қыздар.
Сол күндерде көзін сүзіп қуыстан,
Зымяндар күліп тұрды зымыстан.
«Қаңғып жүрген шүрегейді» «қыран деп, -
Арам ойлар бір-бірімен ұғысқан.
Шүрегейдің жемтігі боп өзгерді,
«Қос тілділер» боламыз деп сөз берді.
Қазақ байғұс өз қазағын аулады...
Шайтандардың билегенін көз көрді.
Сол бір күндер айтады әлі мұң, сырын,
Сары майдан суырғандай қылшығын.
Желтоқсанда жер тістеген, ін қазып...
Біз талайын көріп жүрміз «жыршының».
Менің елім бас ұрмайды күңкілге,
Жарқын-жарқын шығады әлі-ақ күлкім де.
Ар-иманды көкке туын көтеріп,
Тәуелсіздік тәубе дейді бүл күнде.





Пікір жазу