09.08.2022
  126


Автор: Аллаберген Қонарбаев

ҰЛЫ ЖЕҢІС, НҰРЛЫ ДҮНИЕ – ЖЫРЫ ЖЕҢІС

Жеңіс деген сөз қандай сүйінішті,
Қаншама адам қайғылы у күйік ішті.
«Жеңіс» деген жалғыз сөз ақ көгершін,
Күн сәулесін бетке алып биік ұшты.
«Соғыс бітті. Бейбіт күн. Қауіп кетті...»
Деген сөздер нұр болып жауып кетті.
Сегіздегі сәбимен бір қосылып,
Сексендегі қария шауып кетті.
«Бұл күнге де, құдайым, жеткіздің» деп,
«Қаралы күн басымнан өткіздің» деп.
Құбылаға қарт ана қолын жайды,
«Таптым-ау деп жоғымды көп күнгі іздеп...»
Материктер жырлады қолтықтасып,
Жұлдыз мініп ән кетті көлкіп тасып.
Ішпейтіндер бұл күні қызып жүрді
Шала бұрыл көшеде толқып басып.
Ұлы Жеңіс, шаттыққа бөлеп келдің,
Тайғақ кешу, тар жолдан қоректендің.
«Жеңісгүл» деп, «Жеңіс» деп аталған-ды
Сонда туған есімі бөбектердің.
Күндер, күндер өтті ғой жағаласқан,
Күллі ғалам құтылды дар ағаштан.
Тірілердің зираты – «концлагерь»,
Мұражайға айналды қара басқан.
Ұлы Жеңіс мәңгілік ардақталған,
Жылдарменен киесі салмақталған.
Ұлы Жеңіс жайында сұра, достым.
Дәл айтады, сыңар қол, балдақты адам!





Пікір жазу