МҰҚАҒАЛИ РУХЫНА
Ассалаумалейкум, халқым менің,
Өлең жыр көл дария алтын кенің.
Ұлыны ұлықтамай тірісінде,
Мәңгілік жоқтайтұғын «салтың керім».
Ұлының болған ба еді не тілегі?
Күрсініс толқыны боп көкірегі.
Қамшы ойнап арқасында Абайдың да
Арманы ақ тұман боп кетіп еді.
Жаза алмай жазиралы жаз қанатын,
Сөзінен от өртеніп қар жанатын.
Ұлылыққа кішілік кісен салып,
Бір оқтық болған жоқ па Мағжан ақын.
Сен де кеттің «мың өліп, мың тірілдің»,
Тас түйін боп бір күліп, бір түйілдің.
Көлеңкеңде көлбеңдеп көрінбейтін
Күншілдердің көзіне бұлт үйірдің.
Қажылыққа барады мұсылман жұрт,
Пайғамбарға жүрегін ұсынған жұрт.
Сүйеді ғой қағбаның қара тасын
Өз борышын аққу ғып ұшырған жұрт.
Мен де бардым Кеңсайға – зиратыңа,
Көкірегім езіле, қиратыла.
Басыңдағы сүйдім ғой құлпытасты,
Дәрменім жоқ, қайтемін тіл қатуға.
Тұрғандайсың сен бүгін баурап күліп,
Өзіңде де, сөзіңде аумақтылық.
Рухыңа табынып келіп тұрмын,
Жатырсың ба орныңнан аунап тұрып.
Сен едің-ау бейнесі ен даламның,
Жұлдызындай құйрықты кең даламның.
Қарасазды бетке алған әулие жер
Маңғыстаулық «бір жаман» мен балаңмын