ҚОШ КЕЛДІҢ, МАМЫР АЙЫ
Көкірегім көгалды гүлді бүгін,
Еркелеп тұр алдымнан шың биігім.
Келді міне туған күн мерекесі –
Мамыр айы халықтар бірлігінің.
Мамыр айы сұлулық, еспе шабыт,
Арғымақ-жыр барады төске шауып.
Мамыр айы келеді әр жыл сайын
Уақыттың жастығын еске салып.
Тірлік деген тәтті ғой баурайды анық,
Жанарларда нұр сәуле лаулай жанып.
Мамыр айы келгенде шаттанадаы-ау,
Әрбір адам өзінше тауға айналып.
Қоштасамыз көктегі жыл құсымен,
Сүтке айналды көк шөптер гүл түсімен.
Ұжымдасқан, ұлттарым, ұлыстарым,
Сөйлеседі ақ жүрек күлкісімен.
Ақша бұлтпен астасып сағымдарым,
Мөлдірейді гүл сезім ағындарым.
Әжімдерін сыйпайды әжелер де
Жасыра алмай көктемді сағынғанын.
Қара жердің исініп тәні қатпар,
Адам түгіл тіріліп әруақтар.
Мамыр айы үйлену тойы болып,
Бір шоқ жұлдыз көтерді шаңырақтар.
Көктем келді көрімдік үлестіріп,
Жапырағына жас иіс ілестіріп.
«Мамыр айы, қош келдің қадам құтты!»
Деген сөздер әлемге тұр естіліп.