09.08.2022
  86


Автор: Аллаберген Қонарбаев

АҚЖОЛТАЙЫ АЛАШТЫҢ...

Тұңғыш көрдім мен өзіңді, Астана,
Жан бітірген мәрмар маржан тасқа да.
Тұрып қалғам тұрпатыңа таң қалып.
Көңіл көзі түспей мүлдем басқаға.
Көк ормандар көмкеріп тұр көкпеңбек,
Ақ сарайлар бірін-бірі өктемдеп.
Алтын сәуле прожектор оттары
Түнді оятып шұғыласын төккен көп.
Қол бұлғайды шоқ жұлдызды шыңдары,
Жатыр шалқып, жұпар аңқып гүл бағы.
Толқып тасып Астана боп сөйлейді,
Маңғыстаулық қыз-жігіттер мұндағы.
Зәулім биік крандар тұр көк тіреп,
Уысқа алып уақытты «тепкілеп».
Көше бойы машиналар тасқыны,
Бара жатқан сияқтанды от күреп.
Осында жоқ жаңалықтың өлшемі,
Ән салады әр алаңы, бөлшегі.
Астанаға ағылады қалың жұрт,
Астанада тоғысады жол шегі.
Астана ғой ар-намысым, иманым,
Жалындаған жаңа өмірді сыйладың.
Астана деп алаулайды жүрегім,
Мен өзіңмен қоштасуға қимадым.





Пікір жазу