09.08.2022
  138


Автор: Аллаберген Қонарбаев

КҮЗ ҒОЙ БҰЛ...

Бауырын көтере алмай мүйізді бұлт,
Сыңсиды тоңған желмен күй ызғырық.
Бір сәтте қара жаңбыр көзін ашты,
Таулардың тас маңдайын киіз қылып.
Солғын жүз жапырағын селдіреткен,
Талықсып тал қайыңдар ерні кепкен.
Қуана қағып алып жас тамшыны
Уыстап алақанға мөлдіреткен.
Қойнына тығып алып бау-бақтарды,
Кең дала бір дірілдеп жаурап қалды.
Қимылдап шөңге-шөптің кірпіктері,
Қайтадан жаны кіріп аунап та алды.
Көл жатыр жыбыр толқын ыңыранып,
Құлағын әлденеге түріп алып.
Шопан жүр жайлауында қойды иірген,
Кеудесі жаңбырменен жылы жарық.
Аспан көк иілгендей аласарып,
Жаңбырын жалаулатты қараша бұлт.
Тентек жел бір қуысқа жасырынды.
О баста келсе дағы дара шауып.
Күз ғой бұл, сағынышты сырға қанық,
Сөйлеп тұр қоңырауын бұлғап алып.
Жіберді жыл құсының қанатымен
Жаз нұрын жарқырата ұрлап алып.





Пікір жазу