09.08.2022
  228


Автор: Аллаберген Қонарбаев

ОТАН

Егер сенен тірлігімде айырылсам,
Үнім менің үн емес деп білгейсің.
Сенде жүріп қанатымнан қайырылсам.
Күнім менің күн емес деп білгейсің.
Егер сені қоса алмасам өлеңге,
Әнін мәңгі тауысты деп білгейсің.
Бір құсың боп жырламасам төбеңде,
Жағым мәңгі қарысты деп білгейсің.
Егер сені сәл есімнен шығарсам,
Тілегіңді таптады деп білгейсің.
Түк бітірмей өткен күнге жұбансам,
Жүрегімді тоқтады деп білгейсің.
Мен мәңгімін, Отаным, сен аманда,
Таудың кәусар бұлағымын әманда.
Өзенің боп таси алсам өзіңнің,
Тосқауыл боп тұра алмайды қамал да.
Төл сөзімді толқындатып шығарған
Мен теңізбін оянатын мың арман.
Мен жарықтың сәулесімін, бағамды
Соқырлар да жүрегімен ұға алған.
Маңғыстаулық мұнаралар көзімін,
Мен болашақ ғұламалар сөзімін.
Борандарда, дауылдарда ширыққан
Қатып қалған құз-жартастай төзімім.
Өтер өмір болар талай ауысым,
Айнымаймын жаралғанмын тау үшін.
Жарық болып жаңғырығып жатады
Қара түнді қақ жаратын дауысым.





Комментарии

31.08.2022 13:54
Аа
Перизат
Перизат 31.08.2022 13:51
Отан

Пікір жазу