ҚАЗЫНАЛЫ ӨЛКЕМ МАҢҒЫСТАУ
Бұл Маңғыстау сұлу қыз ғой келісті,
Бұл Маңғыстау мәуелі бақ жемісті.
Айтпағанда астындағы байлықты,
Қазынаға тұнып жатыр жер үсті.
Қазына деп айтқаным ол шалдарым.
Шалдарым деп айтқаным ол ар жағым.
Қайран шалдар түсе қалса шаршыға,
Талайлардың тістетіпті бармағын.
Еш сарқылмас сол шалдардың арнасы,
Сөз сайыста жерге тимес жамбасы.
Қазақ түгіл, аты мәлім әлемге,
Әбіш ағам тектілердің жалғасы.
Даналығын бойға жұтқан даламның,
Ізбасары Балдай қыздай анамның.
Көп жұлдыздың ішіндегі жалғыз ай,
Орны бөлек қара өлеңде Анардың.
Топқа түссе Рза, Рахат, Қалбайым,
Тыңдарманның қақтырыпты таңдайын.
Осындай кіл тәуірлердің жалғасы,
Менің енді белгілі ғой қандайым?!
Дүбірлеткен жұрт жиылған құрмаңды,
Қыран құстай мекен еткен шыңдарды.
Айтыстағы ақбоз-көкбоз жұлдызым,
Жұрт біледі Мэлс пенен Нұрланды.
Міне, осындай біздің елдің ұл-қызы,
Әр перзенті хан тәңірдің шың құзы.
Іргең бүтін, желбіреп тек көк туың,
Маңғыстауым, жарық болғай жұлдызың!