09.08.2022
  114


Автор: Еділ БЕКМҰРАТОВ

МЕН БОЛАМЫН ОТПАНДАҒЫ ДЕГЕЛЕК

Күн айналып артынан күн шыққалы,
Жер жаралып төсіне гүл шыққалы.
Маңғыстаудың киелі топырағынан,
Неше дарын, неше жалын шықпады.
Бұл Маңғыстау кіл тектілер жатқан маң,
Көмейінен қазынаны ақтарған.
Жеті бұлбұл жеті қайқы ән салып,
Ел жадында жеті нандай сақталған.
Қайталанбас сөздің асыл зергері,
Еш адамнан кездеспеген өрнегі.
Абыл, Ақтан, Нұрым, Аралбай, Қашаған
Бес жүйрігім бес қаруым белдегі.
Артындағы елге көмек керек күн,
Арасына түспейді ме ер оттың.
«Жаудан қаза жетпеді-ау» деп өлерде,
Орындалмай кетті арманы Төлептің.
Кұрығына мойынсұнбай осалдың,
Қиын сәтте бастай алған көш алдын.
Ары көктей қала берді биікте,
Тәнін еттей турағанмен Досанның.
Бул өлкеге кім бұрмады ат басын,
Жат жасиды өңкей асыл тапқасын.
Біздің қауым қалай асыл болмасын,
Пір Бекеттен дұға дарып жатқасын.
Айта берсең шежіре көп не керек,
Келешекке жол салатын керемет.
Өзгелердің «айдахарын»жасыткан,
Мен боламын Отпандағы дегелек.





Пікір жазу