09.08.2022
  118


Автор: Сұлтанбек ҚҰДАЙБЕРГЕН

Есімде, есімде әлі құмдағы ауыл...

Есімде, есімде әлі құмдағы ауыл,
Болғанмын әлмисақтан құмға бауыр.
Баяғы Сағат та жоқ, енді маған
Айтады құмды ауылдың кім хабарын?
Жүрегім, құлағың түр, «сақпын» деме,
Қармағын сатқындықтың қаптым, неге?
Біздерді анау жылы састыратын
Өзі де үй болыпты сатқын неме.
Әзелгі бозбалалық икемменен
Қызды үйге тайлақ болып сүйкенген ем.
Көксау шал қамшысын ап жүгіргені
Не болды көкіректен итергеннен?
Гүлдеді содан кейін құмдағы ерік,
Кемді күн өте шықты-ау сырға берік.
Сырға берік дегенмен, қайырылмадың
Құладым ағыл-тегіл жырға келіп.
Еркімді содан кейін жырға бердім,
Есіме түседі ауыт құмдағы елім.
Еріні кезереді бат-бат болып,
Қадірлім, мен де сендей құрбан едім.
Менің де қырқылды ерте тал-дарағым,
Иланбай, өз көзіме сан қарадым.
«Кештері Жайлаукөлдің» астан-кестең,
Сыңсытып «Әселге» енді, сал, қарағым.
Неге-дүр жүрек құмдай кезереді,
Жүрегің тірі болса, сезер еді.
Сол жылдар көксау шалдай күркілдейді,
Қамшысын есіл уақыт кезенеді...





Пікір жазу