09.08.2022
  261


Автор: Мұрат Өскiнбаев

МҰРАТТЫҢ ЕСЕНҒАЛИҒА ЖАУАБЫ

Айтайын жауап азырақ,
Есенғали шайыр ініме,
Көңіл пікір жол берді,
Сайраған қызыл тіліме.
Қайтарайын жауапты
Жұлынып шыққан жүйріктің
Сіз сияқты біріне.
Мадақтамай жақсыны
Не көреміз тіріде.
Бақытты туған ақынсың,
Гүлдеген жаңа дәуірдің
Лайықты түріне.
Қисынын тауып қиыннан
Құлашыңды сермедің,
Қол жетпейтін іріге.
Қыран құстай шарықтап,
Өнерің өрлеп келеді
Абайласам күніге.
Қайнаған қара бұлақтай
Ағылтып сөз келді,
Ойлаған пікір үйіне.
Шығып жүрген сөзіңді
Олқы деп ешкім айта алмас
Сынатсаң да кіміңе.
Бірнеше сөздің сұлуы
Шығып жүр ақын миыңнан.
Жырларыңыз газетке
Архив болып үйілген.
Арасын шешіп отырдың
Саяси сезім түйінмен.
Халық ақыны Сәттіғұл
Сөзіне жақсы сүйінген.
Әдеби журнал бойынша
Таныстың ән-жыр күйіңмен.
Тура келдің бізге де
Осы сөзді айтуға
Сыраға бал сыйыңмен.
Тілдің еркі ойыңда
Айрықша сейінмен.
Жыр түйінін табасың
Кіріп-шығып үйіңнен.
Қайдан шыққан жүйрік деп,
Бақыт қонған жігітсің.
Күндеуші де бар шығар,
Өз-өзінен күйінген,
Қабақтарын түйілген.
Мысалы қыран бүркітсің,
Қияға көзін шүйілген.
Адал жүрек ақ көңіл,
Жігіт едің ақ ниет,
Адамға қарай иілген.
Лайықтап бір сөзді,
Арнау үшін жүр едім,
Шын ықылас пейілмен.
Есенғали, шырағым,
Шағадам жаңғақ жер еді
Орныққан мекен тұрағың.
Әдеби үгіт-насихат
Жиып жүрген құралың,
Беріп жатқан да мұрадың.
Бұрынғы дәуір сол еді
Ру айтып шақырса,
Адай еді ұраның.
Бер жағына келгенде
Қасиетті шал еді
Тобыш пенен Мұңалың.
Не де болса тұсында,
Болып өтті бұларың.
Неғылайын өткенді
Болмаса бөтен сұрағың.
Бүгіндерде байқасам,
Жайнаған жаңа заманда
Гүлденген көкетп құрағың.
Орнағалы үкімет
Жағдайына дәуірдің
Келе атқан қанып құлағың.
Тілектес болып отырған
Ағайын тума халқың бар.
Қол шығарып бір жеңнен,
Сөз шығарып бір жерден,
Ауызбірлік салтың бар.
Еңбегі сіңген екпінді,
Жұмыстарда жалпың бар.
Сыйлайтұғын бәрінде
Сатқанбай мен Ақтанбай
Абыройлы қартың бар.
Келе жатқан жетісін
Ендігі жерде жартың бар.
Қатарына салғанда,
Азаматтық парқың бар.
Баста дәуір тұрғанда,
Шылбырды сүйреп тартыңдар.
Сендер еді шетіңнен
Шын азбайтын алтындар.
Істеріне қарасам,
Қаулаған өсіп қарқын бар.
Сүгір, Далақ, Қалдыбек,
Бердібек пен Сәндібек,
Ұрпақ болып келе атқан
Әлі де болса сарқын бар.
Есенғали, шырағым,
Осының бәрін білетін,
Келістіріп ретін,
Шешетін шама-шарқың бар.
Ні менен ағаның
Жорғасы да сен едің,
Алқалаған шаршының,
Ордасы да сен едің.
Салмақтасып келгенде
Қай жағынан кем едің.
Сен өнердің өзені
Ортаймайтын кемерің.
Шығарып айтқан жырыңды,
Ақындардың атақты
Қатарына теңедңм.
Алматыны аралап,
Жазушылар алдында
Бір барып көрсең деп едім.
Солардан алсаң абырой
Сол еді мақсат керегің.
Құттықтаймыз жүрекпен
Дәм көтеріп сол жақтан
Бола қалса дегенім.
Өткірлігі тіліңнің
Ұшындай алмас жебенің.
Шапқан аттай екпінді
Өткіздік жастық кезегін.
Енді ақыл тоқтатып,
Басымыздан атқардың
Албырттықтың кезеңін.
Бағыт алған талабың,
Социализм жолында.
Бұл дәуірдің талабы,
Бір жағы сенің қолыңда.
Ие боп тұрған сен едің,
Абырой, бақыт орынға.
Жасыңнан оқып түсіндің
Әрбір түрлі форымға.
Қызыл тілің сау болса,
Айтатын жерден қорынба.
Көре берсең көсемсің,
Сөйлей берсең шешенсің,
Күтеміз мұнан зорын да.
Тіл байлығы Сізде бар
Ал десе дайын тұрғандай
Ататын жерге оғың да,
Сен бір айқын жүйріксің
Өзіңнен артық бүгінде
Кім бар еді тобыңда.
Өткірлігі жырыңның
Мергендердің оғындай.
Күштілігі сөзіңнің
Зеңбіріктің добындай.
Жүйріктігі сөзіңнің
Электрдің тоғындай.
Жұмырлығы сөзіңнің
«Победаның» жонындай.
Семіздігі сөзіңнің
Таңдап сойған соғымдай.
Қызуы күшті сөзіңнің
Тас көмірдің шоғындай.
Тәттілігі сөзіңнің
Бұрама бел талмадай.
Салмағы ауыр сөзіңнің
Темір соққан балғадай.
Қарқыны күшті сөзіңнің
Өзеннен аққан арнадай.
Үйірімі бар сөзіңнің
Күріштей тартқан жармадай.
Тереңдігі сөзіңнің
Түскендер азар шығады,
Екі қолын қармалай.
Бір кісілік сөз емес
Осылай жазып оырмын,
Бәріңізге арнап-ай.
Сөз жүйесін ұғып қал
Парасатын аңдап-ай.
Сыраға – бал, сыйға – сый.
Бір-біріне сөз айтты
Халықтың екі саңлағы-ай.





Пікір жазу