09.08.2022
  171


Автор: Мұрат Өскiнбаев

ЕСЕНҒАЛИДЫҢ ӨСКЕНБАЕВ МҰРАТТЫ ДӘРІПТЕП АЙТҚАН СӨЗІ

Өнері тасып, өрлеген
Мұрат жырау, шайырым.
Астана елді таңдантып,
Көрсеттің өнер зайырын.
Жасыңнан-ақ келесің
Көпке тиіп қайырың.
Адайда жоқ парласың,
Айтпасам бай ұлын.
Жүйрігімсің жүлделі
Жимаған тартып айылын.
Құрманғазы болмаса,
Осында күнде теңейміз
Қазақтың саған қай ұлын?
Абыройлы адамсың
Өнердің мінген қайығын,
Ақ көңілсің кіршіксіз –
Бойыңдағы айыбың.
Іші қуыс ағаштан
Тоқсан түрлі күй тартып,
Ағыздың Еділ, Жайығын.
Мақтады деп ойламан,
Келтірсем сөздің лайығын.
Өзіңнің әкең Өскенбай
Саңлағы еді шаршының,
Бұлбұлы еді сайраған
Көшпелі Адай халқының.
Алдында талай толғаған,
Жарты менен жалқының.
Қазақтың бізге қалдырған,
Ескі мұра-алтынын.
Домбырасын сөйлетіп,
Тәңірберген Жолдымен
Ішіне түскен талқының.
Құлбай кездесіп
Үдеткен өнер қарқынын.
Мұрасы еткен Мұратты
Кейінгі біздей артының.
Кәзірде ойлап қарасам,
Жетпеген жері кем екен,
Өсекеңнің даңқының.
Заманында болыпты
Сүйікті ұлы жалпының.
Алаштан асқан әнші екен,
Көрсеткен өнер жарқылын
Нағашысы Құлбарақ,
Тигізген аруақ салқынын.
Естігенде күйлерін
Қорғасындай балқыдым.
Дарияға жүзгендей
Сергіп бойым, шалқыдым.
Ұстап қалған өнерін,
Кемдігі жоқ артының.
Мұрат пен Хамит екеуін
Өнерін алып келуге
Қаршыға құстай талпыдың,
Талай топты атқарып,
Алқалы жерде аңқыдың.
Бәрін де көрдің аралап,
Қазақтың сана-салтының.
Халықтың көне мұрасын
Жаңалап қайта аршыдың.
Он екі жастан бері қарай
Алқалы жиын көргенің.
Қатарынан кем түспей
Құлашты кеңге сермедің,
Он бесіңе толған соң,
Бас бәйгені бермедің.
Айнытпадың оздырып,
Өсекеңнің өрнегін.
Қадірлі болып халқыңа
Жақсы орынға төрледің.
Кешегі өткен заманда,
Жарлы менен жалқыны
Кемсініп бөтен көрмедің.
Бабына түстің бәйгенің,
Бағаланып еңбегің.
Кәрліменен тартысып,
Белгілі бізге жеңгенің.
Топқа түсіп жиналған
Халқың үшін терледің.
Тілін тауып сөйлеттің
Он жеті бірдей перненің
Күй шығарып ойыңнан
Қазынаға бергенің.
Өнеріңнің арқасы
Динадайын шеберді
Алматыдан көргенің.
Шеберлігің шыңдалып,
Күйден теру тергенің.
Өнерің озып өзгеден
Күннен күнге өрледің
Ұзақ болсын өмірің,
Дарынды жүйрік, зерделім.





Пікір жазу