ҚАЗАҚСТАН
Жайнады Қазақстан елу жылда,
Қозғайын толғаныңды қосып жырға,
Сахара кең қонысты қазақ едің,
Мал бағып көшіп-қонып ой мен қырға.
Октябрь таңы туып атқан күні,
Қолымыз жетті еркін қуанышқа.
Бұл күнде біз ел болдық іріленген,
Жылма-жыл өріс алып өсіп-өнген.
Туысқан партияның туы астында,
Кездескен қиындықты шешіп жеңген.
Байлықтың неше түрлі дамуымен,
Бүгінде не шыққан жоқ біздің елден.
Кең жатқан, Қазақстан, жерің дала,
Сәнденіп гүлін шашқан тау мен сала.
Ағызған өзен арна өнерің бар,
Алматы – Қазақстан астанасы.
Өмірге тәрбиелі нұр жайнатып,
Өсірдің қамқорлықпен партия-ана.
Шыға бер, шың басына Отан, елім,
Қайнаған қарқындаған байлық кенім,
Жоспардың жеті жылдық жемісі үшін
Өзгеріп гүлденумен талай жерім.
Партия, үкіметтің қарары бар,
Шықсын деп арзан баға артық өнім.
Сондықтан күннен-күнге алға басқан,
Табыстың автоматтық кілтін ашқан.
Не күшті, ғылым күшті таң-тамаша,
Өлшеуімен игерілді жер мен аспан.
Жасасын марксизм, ленинизм,
Ұрығын коммунизмнің кеңінен шашқан.