09.08.2022
87
НЕ БОЛДЫ ДЕСЕҢ
Не болды десең жасында,
Өнерді сүйдім басында.
Балалық шақтан бері қарай,
Әкемнің жүрдім қасында.
Он алтыға шыққанда,
Белгілі болдым халыққа
Өтеғұл мырза асында.
Мерекені сол күн атқардым,
Шабытқа мініп шаттандым.
Желпінген жастық емес пе,
Дегенге айтқыш мақтандым.
Аямастан жыр-күйді,
Таң атқанша ақтардым.
Алқасында отырдым,
Үлкен-кіші жастардың.
Сол жиында өнермен,
Өзімді көпке таныттым.
Көрінісі болды сол,
Айрықша шабыттың.
Сонан бері өнердің
Ағынын талай ағыттым.
Жолынан толқып аумадым.
Мирас болған бағыттың,
Көңілін аштым шаттыққа,
Жылаған мұңды жабықтың.
Жас ортаға келгенде,
Гүлдеріңе бөлендім,
Жас баладай мамықтың
Жұртшылықты аралап,
Алып жүрміз алғысын,
Көп жаса деген халықтың.