09.08.2022
150
ХОШ, АМАН БОЛ, ЕЛДЕРІМ!..
Тағдыры бір азамат,
Туысың – жүйрік қазанат.
Бұрын-соңды көрмеген
Тап болды бізге қиянат.
Көргенше енді күн жақсы,
Сапарым болғай саламат.
Хош, аман бол, елдерім,
Тапсырдым Хаққа аманат.
Хош, аман бол, ерлерім,
Қалды байтақ елдерім.
Ұялы тоғай, қалыңдық,
Айдын шалқар көлдерім.
Ойыл мен Қиыл, Жем, Сағыз –
Өсіп-өнген жерлерім.
Қайта айналып көрермін,
Саламат болса дендерім.
Тағдыр болса жазулы,
Көрмегі солай пенденің.
Хош, аман бол, сабаздар,
Поштыға салып жіберің
Қатынас сәлем қағаздар.
Сағынып жүрген халыққа
Білініп тұрсын хабарлар.
Алдым – биік, артым – жар,
Айналуға жерім тар.
Тардан кеңге шығарса,
Биліктінің еркі бар.
Құрметті сәлем халыққа,
Күн батпайды – таң атса
Біздей міскін, ғарыпқа.
Тұтқын үйден босанып,
Шығармыз қашан жарыққа?!.