СҮГІРДІҢ ЕЛМЕН ҚОШТАСУЫ
Ауылға Сүгір-ай келді деп,
Ордасын талай сайлаған.
Ақ самаурын, сары құман,
Кең дастархан жайнаған.
Ағалар да енді аман бол,
Жеңгелерім де бар еді,
Ботадай көзі жайнаған,
Тал шыбықтай бұралған,
Маржандай тісі құралған,
Талай менін үстімде.
«Мырза, қайным, келді», – деп,
Шығара алмаған құмардан.
«Жырлашы қайным-ай», – дегенде
Талай да жерде жырладым.
Әзілдеуші едік жеңгемен.
Інілерім де бар еді.
Әзілді де тауып кеңінен
«Сүгір ағам келді», – деп
Ат шаптырып, айқайлап,
Хабар да салған еліне.
Тартқанда менің, даңқымды,
Мәжіліс де айтып жеріне
Көңілі де құрғыр мастанып,
Біз жүре беріппіз жігіттер,
Халықтың берген желіне.
Келіндерім де бар еді,
Қайнаға келді дегенде,
Іреңін де қалай көрем, – деп,
Алыстан да тұрып болжаған.
Құралында көптің жайнаған
Сызылып та талай сыйлаған.
Қыздарым да бар еді,
Шай құйып та беріп атамның,
Батиғасын алам деп,
Қабырғасы қайысқан,
Саусақтары майысқан.
Алты да қанат ақ орда,
Біздер де кеттік аман бол.
Айырылып та қалып-ай барасың,
Біз сияқты күнінде,
Шабысы да жүйрік арыстан.