КӨПШІЛІК тарихтан білген жерім...
КӨПШІЛІК тарихтан білген жерім,
Тай сойған-бүйрек кеткен бір тайпа елің,
Тәзіке сол себептсн айтылмайды,
Білгенім Тәзікеден, Беглар-Бегің.
Ер Ақпан-Құнанорыс жеделдерім,
Ақпанның бел баласы-Қаракүшік,
Алдияр ақұн болған ақтан ішіп.
Белгілі Лабақ, Шабай елдің ері.
КҮЙ тарқан домбырашы Жолды сері.
Жеменей, Балықшы мен Мұңал, Тобыш
Артында әлі жатыр деген жері,
Ер Қармыс, Балуанняз, Кенесары,
Ер Сахи атын алды бұлардағы
Елшібек аты мәлім Қожандағы.
Ағатай томағалы Қырандағы,
Ақбота, Жеменейде, Көшке, Өрдек.
Бес Өрдек көрсетіпті талай өрнек.
Өтеген, Қорек бенен Сейт, Сейтімбет,
Ерменбет, Ер Қонай мен Жамансары,
Кешегі Ақтан жүйрік, Кенже Қабақ,
Істері елге мәлім болған шалдар,
Халқыма білдірейін атын санап.
Жапырып арғы атадан жаралғасын
Көбейіп жер бетіне таралғасын,
Айқасып дұшпанымен ар алғасын...
Бастас өскен егізім,
Суалмас Каспий, теңізім,
Мұңал менен Тобышым,
Үш түбек пен Сары арқа,
Орнап өскен қонысың.
Мұңал, Тобыш болғанда,
Белгілі көпке өрісің.
Бастайын сөзді Тобыштан,
Ата мекен қоныстан.
Жоғарғы Бегей, Қараш, Жайық, Шегем
Нұрқасым, Естеміс бен Ләтіп, Көбен.
Түркпенбай аты шықты мықтылықпен,
Шығайын Шәртікен мен ер Бегейге.
Бегейден Қайып әнші бұ да өтті,
Өмірде қосылыспай Ақ Бөбекпен.
Әркімдер аты шыққан әр іспенен,
Атанды дүннядан Қайыр ақұн,
Кешегі көлденең тауда мешіт салып,
Сауап деп сабақ берген, дәріспенен,
Бегейден Өмір-Темір оқ өтпеген.
Жалғаған қақ сүйекті Қыдыршылар,
Сөйлесіп жылқыменен сыбырласып,
Ат қосып, сыншылықпен Байдаш өтті.
Мақышбай атқа мініп шауып жүріп,
Су тауып жер астынан бір айналып,
Халқының қамын жеген шыр айналып,
Өткізген өз өмірін сән мен баптап,
Киімін айқындаған зермен қаптап.
Буынып деңмент белбеу, қылыш бауын.
Денесін шаң мен кірден таза сақтап.
Мал жинап сәндік құрды қай кісі де,
Төрөлік шариғатқа махсус дейді,
Атанды Ақбала мен Байкісі де.
Құрт жеген ауруларға үйін тігіп,
Дем салған сұлуларға киіндіріп.
Қазақта ауру жоқты емдетпеген,
Дұға етіп, бере берген бентін байлап.
Кім білгір, кім дәрігер Есенбеттен.
Жанаман, Есенаман, Батанияз,
Айтысқан үш ананың дауын кесіп,
Тобыштың Кердерісі Ханкелді де,
Өтіпті байлығы мол Үмбет мырза,
Болыпты тоғыз ұлды алтын бесік!
Қараштан осылардай білгір өткен,
Алқада мен Тобыштың арын бермей,
Жәдікте күрескенде тізе бүкпей,
Кешегі Құлбай менен Тарғын өткен.
Жүйрік Мәулімберді молда Досан,
Қойлыбай жау мен жұттан халқын күткен.
Түсінде аян беріп Бақыт-Дәулет,
Мал мен бас сол себептен артық біткен.
Шеберлер ел салтына өнер төккен,
Қараштан жақсыларым арылмай жүр,
Жолданбай ер азамат о да өткен.
Жоғарғы үш тобыштан шыққаннан соң,
Табылар талай жақсы Әлменбеттен.
Пірәлі Тоқабайдан ерлер өткен,
Табынай, Көмек батыр, Айбас кеткен.
Жоғарғы Омар, Мәтек, Қожық, Қылыш,
Жаңайда Қожаназар, Өскінбайым,
Жиында өлең айтпай, күймен озар.
Ылымды, ақылменен қатар берген,
Бас болған мың кісіге Шайхы өтті.
Қашаннан қасиетті Кедей-Назар.
Адайда мал бітбеген адам бар ма,
Айтылмай қалып жатыр талай жандар.
Ер мен би, сахи, шүрен толып жатыр,
Адамның аты шыққан бәрі айтылар.
Әуелден аты шыққан ажары бар,
Білгенше тегіс айтып шығармасақ,
Халықтың қалдық дейтін назары бар,
Ал енді қара орында Мұңалы бар,
Сиатын көрініске дығалы бар,
Алдымен ағаларын айтып болсақ,
Мұңалдың көрінуге құмары бар.
Адайдың Бекет-Ата ұраны бар,
Ай мен Күн елге бірдей дегенменен,
Тудырған сол Бекетті Жаналы бар.
Мұғаллақ тәубе тасқа қолы жеткен,
Теберік мың кісіге болып кеткен,
Асар сұфы білсеңіз хабары бар.
Бәйімбет, Әли, Шоғы, Жаулы десек,
Белқаста Мұңал ошақ аттайтүғын,
Бұл сөзді айтылған соң халқым сынар,
Ұлтым деп ешнәрсем жоқ мақтайтұғын,
Өлтіріп Рукинді Иса-Досан.
Бәймембет білімі асып шейт болған.
Айтамын кырықмылтықта Есекейден,
Ояз бен қатар жүріп заманында.
Шен алған алтын медал Түркменбайым,
Дұшпанға қарсы шауып олжа алған.
Дауымшар, Сармыс батыр, Құдабайым,
Халқының қамын ойлап Төле молда,
Түркменмен тату еткен бұл Адайын.
Моласы осылардың Жем бойында,
Барғанда дұға етің, сіз, ағайын.
Қазақта толып жатыр мұндай жайлар,
Егерде ел қорғайтын ері болса,
Шаруалар көңлі жайлы, малын айдар.
Ер мен би Есекейден тізбектелген,
Кешегі Шолақ пенен Өмірбайлар,
Күй тартып мерекеде домбырамен,
Өтіпті Құлшар менен Атажандар.
Шаңқылдап жыр айтқанда қызушы еді
Қотырбас, жырдың иесі Қарасайлар.
Шебер бар Есекейде Дәулетнияз,
Моланы салады екен біраз айлар.
Бернияз, Қараменен, Тоқабайда
Білсеңіз сонда жатыр көп Адайлар.
Ер Шуақ, Әуезберді батырлар бар,
Түсірген көп дұшпанның туын жығып,
Ер Майкет, Амантұрлы, ер Қожалақ,
Осылар бәрі қатар жүрген шақта,
Тұрмады маңдайына бір жан шыдап,
Түгелде аты шыққан Рақ батыр,
Ақ кұйрық бедеу мініп жауға шапса,
Қайырлы болады екен соңы ақыр.
Осы жерден айтып кетем еске салып,
Баласы Жеменейдің Жомарт батыр,
Қалмақтан қыз әкеліп Ақсұқсырдай,
Адайға ол ана боп туып жатыр.
Айтайын бес Өрдекті білмегенге,
Олжашы, Мамыр, Бөкен, Есен, Кенже,
Есеннен Ерменбеттей ділмәр шығып,
Бердәулет-Жоламанды ақтап алған,
Оязды жаңылдырып сөйлер сөзде.
Өрдектен Тобанияз шебер шыққан,
Атағы мәлім болған казақ елге.
Есекей Сармыс батыр жорық жортып,
Қалмақтан қыз әкелген олжа етіп,
Сұлудың аты Меруерт сұрасаңыз,
Батырға некелеген енші беріп.
Майкөтті бір жорықта алып келген,
Нұрбаулы ағасына сауға берген,
Ер жетіп Майкөт, бала болған күшті,
Халқына көрсетіпті жақсы істі,
Қолдаған батырларды жауға шапса,
Мұңалда бәрінен де Бекет күшті,
Әлиде Көші-Боздақ, Арыстанмен,
Түсірген атқан аңын Оқбай мерген.
Жыйында күрескенде тізе бүкпей,
Өтіпті күш иесі Балта палуан.
Бәйімбет-Райымберді бес Текейден
Айтқанда аузым толады алты Әнеттен.
Әр түрлі осы аулда салтанат бар,
Би, білгір, қасиетті шарафат бар.
Кешегі Әбіл, Сұлтан, ер Төлеп бар.
Қыйсықбас, Өмір менен Қожадайын,
Теқ шыққан арасынан өнер-білім,
Сөйлейін сөз асылын барған сайын.
Шалдардың атын атап, бердім пайым,
Көптерін ұмытыппын не қылайын,
Ойланып екеулесек табар едік,
Қасымда бірге жүрсе Ұзақбайым.
Бәйімбет-Сабытайда Боққарасы,
Ішінде ер менен би, жолбарысы.
Сегізбай, Сарболат бен Сүгірәлі,
Көрпемен мыңға асып өскен басы.
Айта алмай бас-басыңа аттап кеттім.
Мұңалдың башартпады төрт баласы.
Жақауда батыр өтті Қара Бұлақ,
Есқуат-Дүйсен менен бұлар да өтті.
Шейіттік батасы мең алған сауап.
Көрпеден Оразмағанбет білгір шыққан,
Май бар деп, Маңғыстауда жер астынан.
Жары ауылы, екі анадан сегіз болар,
Ескелді, Қосқұлақпен егіз болар.
Қысқартып сөйлемесек сөз аяғын,
Шалқыған Каспий-Қара теңіз болар.
Өтіпті Дәулеталы Алғи, Досан,
Дұшпанға қылыш ұрып арын алған,
Жанұзақ, жан өтіпті батыр Шотан.
Тоқтамыс Оңғалбай мен Ораз қандай,
Кеңсеге тілмәш болып Кеңес құрған.
Өнерлі Қаражүсіп, Қиалбайлар,
Өнерлеп, үлгі алмай шызбай салған.
Өтіпті ақтан ішкен Абыл ақын,
Сәттіғұл тағы шықты соған жақын.
Өмірде Өте, Тәукен, Алыбай бар,
Кешірек жұтайын деп келген кезде,
Қорықаннан өліп кеткен бір айдаһар.
Ер Тұрақ, Қарашолақ, Қабан болған,
Жоғарғы Мәтен, Шағыр, Толыбайдан.
Қасына келгендерді лактырып,
Арыстан жігіттері палуан болған.
Жанұзақ он сегізде төре беріп,
Сөйлегіш игіліктен Доғал болған.
Нұрлыбек, Қайпы менен Тілепі бар.
Байлық пен Қыдыр көрген Саназар бар,
Дұшпаннан қайтпай шапқан Баба да бар
Салқынбай шежіреші Өтеулі өтті,
Билікті көп адамдар сөйлей алған,
Көргенде Өтекемді аузын күтті
Жарыдан Сүйінғара тентек кеткен,
Айтқаны заманында болып өткен.
Атанған Мұрын жырау елге сыйлы.
Басқасын айта алмадым үлкендіктен.
Өтіпті Мәтжан бидей ағалары,
Халқының қамын ойлап аралады.
Жетімек, Мете, Кеще, Дәулеталы,
Бектеміс, Тоқтамыс пен Базар-Назар,
Сегізі де Жары-ата, бабалары.
Ішінен нелер жақсы адам шыққан...
Айтқанда мен қалдым деп өкпелемең,
Сүгірдің келген осы шамалары.
Дүнияға кім келген жоқ, кім өткен жоқ,
Жаратқан бір Аллаға тіпті өкпем жоқ.
Айтылған осылардың тірісі жоқ,
Бәрінде ажал келіп, кідірткен жоқ.
Барлығын айта алмадым үлксндіктен
Астана халқым едің құрмет еткен.
Халкымның арасында ардақталдым,
Мереке аз көрдім деп арман етпен.
Мысалы бұл жалғаншы, бір қара көң,
Әркімдер бізден бұрын қонып өткен.
Солардың туып қалған ұрпақтары,
Біздерге сыйлық беріп, қызмет еткен,
Елім-ай, риза болың осыменен,
Бұрынғы өтіп кеткен ағаларды,
Қолға алып домбырасын Сүгір жырау,
Бір қияал, бір ойменен тізіп өткен.