Екінші, жеті рудан сөз басталық...
Екінші, жеті рудан сөз басталық,
Сия ма бір кеудеге жұмыла халық,
Кердері, Тама, Табын, Керейт, Тілеу,
Рамазан, Жағабайлы білің анық
Табынмен қонысымыз қатар болған,
Тартулы, Тарақ, Көсе үш таңбалы.
Бегім, Бозым, Шөмішті, Қарақойлы,
Асандар өсе берген Қыдыр дарып:
Қабадан елден бұрын мешіт салып,
Дошеке кіші жүзге болған алып.
Үстіне мұнаралап үй қондырып,
Көргендер жүрген қарап қайран қалып.
Ер мен пір егіз болып дегендейін,
Сүйеген жығылғанды Асау-Барақ.
Ортадан мешіт салып ғазірет Сұлтан,
Есенқұл аты шыққан төрт Сазаннан,
Қас болған дұшпандары кездескенде,
Арбасын ары үшін талаттырған.
Үш ауыл олай-бұлай дегенменен,
Бәріміз шығып едік бір қазаннан.
Ер соңы Есет-Тама, Мөңке қара,
Арқада Досы менен Асан Қожа,
Жылаған жетімдерді жарылқаған,
Көмбенің көзі ашусыз, балдар бізде
Естелік мен айтайын бүгін сізге.
Болады сөзге кесел жабырлаған,
Кердері Әбубәкір бұлбұл өтті,
Сөз бар ма өз кентінен табылмаған.
Бір егіз би мен тақтақ болад жыршы,
Аз айтқан бәтуалап жанның тынышы.
Қанбайды қанша айтқанмен құлақ құрышы.
Жетіру, Алты аталы Әлімді айттым.
Байұлы он екі ата әлі жатыр,
Мінеки, сол себептен кейін қайттым.
Кім десең Байұлының балалары,
Үлкені Есентемір-ағалары,
Алаша, Байбақты мен Жапбас, Беріш,
Жалғасқан Ысық, Шеркеш, Таналары,
Қызылқұрт, Масқарменен қатар өскен,
Болыпты қасиетті бабалары.
Адай, Таз бір ананы бөліп емген,
Сол себептен емшектес аналары.
Атасын айтқанменен алыс болмас,
Сол күнде жақын екен аралары.
Байұлының інісі Елтай бабаң,
Күнінде болған екен қажарлы адам.
Жау келіп, ел шетіне аттанғанда
Соғыста ажал жетіп, болған тамам.
Елтайдың Ханбибі екен алған жары
Жесір қалып Елтайдан, еткен зарды.
Айырылып інісінен Байұлы атаң,
Төрт түлік баға берген сонша малды.
Мал мен бас қатар өсіп көбейгесін,
Ел-жұрты қадірлеген осы шалды.
Адайдың бел баласы - Құдайке, Келінберді
Жиналып мерекеге елім келді.
Тыңдауға «аталық сөз – Мүштәрікті»
Сөйле деп Сүгіріне сенім берді.