ЖАНАЛЫ ҚОСҚҰЛАҚ АМАНТҰРЛЫ БАТЫРДЫҢ КЕГІ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
(Бекет ата ұрпағы Бауыржан Тайтақұлының айтуынан)
Сездіріп өткен күнді кеше небір,
Биік төбе басында кесене тұр.
Есе беріп көрмеген тақымды ұлға,
Батырым Амантұрлы жатыр мұнда -
Туу-өлу жазмыштан пешене-дүр...
СӨЗ БАСЫ
Кең құшып қара жерді батыр-құшақ,
Жаралы Амантұрлы жатыр сұлап.
Дүние шыр айналып алыстауда
Жылжиды ақырғы дем, ақырғы сәт.
Бірі ол «мен»» дегеннің - табанды еді,
Қайысып көрмеген-ді қабан белі.
Бақ дәурен басындағы жалт бұрылды
Осы екен боқ тірліктің тәмам жері.
«Биік өл, мені жатқа құлатпа, деп
Намыс-дос сыбырлайды құлаққа кеп.
Жалғанның көрмеймісің аярлығын
Атынан аударғанын жыраққа әкеп.
Бұл қай күн – ұясынан қырын туған,
Келмеді күрмеуіне ғұмыр-турам.
Әкетіп баратса да ажал сүйреп
Өлімді артық көрді ыңырсудан!
Сұм ажал жасытам деп далимасын –
Тіріде имеген ер ғази басын.
Неғылсын ыңырсуды шама жетсе
Көкейде айтқаны анық кәлимасын!
Кім деп бұл, өлтірген кім құны бардай,
Оқушым, отырмысың ұғына алмай?!
Күзеткен Самның құмын кесененің
Тыңдаңыз, айтар сізге сыры қандай?..
Жаңғырту көне сырды ақындардың
Десем, сірә, міндеті мақұлдар мың.
Бүгінгі хикаямның кейіпкері
Алысып сырт жаулармен өткен дүлей
Бірі еді Адайдағы батырлардың.
Кезең-ді ол бір қату қабағы қан,
Тоздырған талай ерді табанынан.
Сын шақта тудыра алған арыстарды
Туысы Қосқұлақта Жаналыдан.
Бұл елден Бекетті айтсам жеткілікті
Нұр шашқан басқан әрбір қадамынан.
Жан емес жау іздеген батырмын деп,
Ер жігіт ел ісіне жақын жүрмек –
Жау шапса атқа қонар алғашқы боп
Негізі бейбіт күнді мақұл көрмек.
Әйтсе де көкіректе көптен бергі
Кек бар-ды кеулеп алған ақылды індеп.
Еске алса тұншықтырып арын азап,
Ескі кек жөнелетін жанын қажап.
Тиіссе түрікмен келіп күткендей-ақ
Түйіліп ыза буған қалың қабақ
Шығатын елден бұрын жалындап-ақ.
...Тірліктің баурап алып былайғы әні,
Санамыз рухтан жеріп лайланды.
Түрегеп тал бесіктен алқымнан ап
Тарихты талай ұрпақ сұрайды әлі!
Ендеше, жадыңызға жырмен бердім
Ол кектің болған екен былай мәні.
Сафтығы сары алтындай көз қариды –
Бұл аңыз талай сырды қозғар игі.
Білмеймін қырда өтті ме, ойда өтті ме
Білерім – Маңғыстаудың өз тарихы!
КЕК БАСЫ
Тентек жел түннің қойнын жүр ақтарып,
Кетеді төбет даусын жыраққа алып.
Мүлгіген түнгі ауылда жалғыз үйдің
Жылтырар жабығынан шырақ жанып.
Төніп тұр қан аңсаған тағы дауыл
Ұйқыда бейқам күйі шағын ауыл.
Қапыда зұлым жаулар бас салатын
Қинайды еске алсам шағың ауыр.
Аспан-жер тұтасыпты күлтеленбей,
Түнектен қалған тіпті бұлт еленбей.
Ауылды айналдыра үрей торыр
Долы жын қара шапан бүркегендей.
Қара түн қаһарлана тістенеді,
Озбырлық одан озып күшке енеді.
Үстіне жалғыз ауыл жауыздар кеп
Ойранның қызығына түскен еді.
Түрікменнің жоспары еді бұл талайғы,
Армансыз түнгі ауылды ұйпалайды.
Үйінде иесі жоқ – сапар кеткен
Ортада еңселі орда мұндалайды.
Тоймайтын қасіретке аран құштар,
Мейірім дарымапты-ау саған мысқал.
Есіріп-елірген күй қанға ісініп
Ат басын бұрды осылай жаналғыштар.
Туылған текті ұлдар киелі кіл,
Ұйыған ынтымағы үй еді бұл.
Қасында қорғанышы – талдырмаш қыз
Отырды ойнап бала төр алдында –
Қаршадай асылдардың сүйегі ұл!
Ту еткен әулет еді адалдықты,
Алыстан аңдыған жау шамаңды ұқты –
Үлкендер кеткенінде ауылдан ұзап
Тыңшыдан «қозғал» деген хабар күтті.
Әйтпесе қапыда емес қан майданда
Қарысып қарсы келіп шабар мықты?!.
Бұқпалап елді шабу – ер ісі емес,
Өліге бата жасау теріс емес -
Ұл-қызын ағайынға аманаттап
Көңіл жай ата-ана сапар шықты
Пейілге шақырмаған жамандықты.
Дүсірді естіді қыз іргедегі,
Жау ісін сонда ғана білген еді.
Бір теуіп жау кіргенде босағадан
Шұбалған көйлегінің етегіне
Інісін тығып жылдам үлгереді!
Қан басқан қос жанарын мақұлық бір,
Жеңіске мастанады ақырып құр.
Дүния көзін тескен қоңыз-тірлік
Төр жаққа өтті жендет атылып бір.
Көкейін торсық бүйір ала тең жеп,
Қарпиды қан мен бұйым араны тек.
Еркек жоқ қарсы тұрып жолын бөгер,
Жас қызды көзге ілмеді жан екен деп.
Қыз тұрды үміт-үрей мың алмасып,
Жан емес үйін тастап шығар қашып.
Төрдегі түрікменге ту сыртынан
Әрекет етер еді құмар басып -
Астында етегінің отыр бала
Періште жазығы жоқ бұларға түк!
Дәрмен жоқ қозғалуға айла қылып –
Жау әлек мол олжаны пайда біліп.
Тырысты сездірмеуге баланы оған
Ұл көрсе жөнеледі найзаға іліп.
Себебі – ұл дегенің ер емес пе?
Ел үшін түседі ертең ер егеске.
Бөріге айналдырмай бөлтірікті
Ұяда тұншықтыру жөн емес пе?
Қазақтың осы бір тұс – бүгер белі,
Төрдегі құзғын кенет түрегелді -
Қиылса қыршын ұлы бір әулеттің
Тұқымын тұздай құртып жібергені.
Түрікмен көрді қызды - табысты жүз,
Шын танып білеміз бе намысты біз -
Жау емес үрейлі ойдан түсі ауып
Қалшылдап қайраттана қарысты қыз.
Сеңсеңі жасырғандай долы бетті,
Шүңгіл көз қызды тінтіп шолып өтті.
Мырс етті басын шайқап, жас арудың
Көзінен жалындаған көріп отты:
«Ит қазақ, қызың сұлу, қайратты әрі,
Тұрады тұла бойда қайнап қаны.
Қағынып құрсағынан туады ма
Ер мінез шеттерінен сайлы-ақ бәрі!
Болмасын көптен күткен жұмыс шала,
Қалған жөн артымызда дұрыс жара.
Мал-мүлік ауыртпаса әкең жанын
Батады арқасына бұл іс дара.
Қарысқан қарсы алдымда, қазақ қызы,
Көрсін тек қызығыңды қылыш қана!».
Тапқандай тығырықта тыңнан бір іс,
Жарқ етіп суырылды қыннан қылыш.
Жалт етіп сілтенгенде басы ұшып
Құламай қапелімде ырғалды қыз...
Қуаныш атой салып санасында,
Түрікмен кетті шығып – қарасын ба?!
...Қолаң шаш қопырайды қанға батып
Жайылған бас пен дене арасында.
Шар етті бір сойқанды сезген бала,
Белгі жоқ қорқынышты кезден жаңа –
Түсірмей жерге басын апасының
Қағып ап еңіреуге келген шама...
Сүйеуге денені өлі әлі келмей,
Жылады ұл. Ағады апа қаны көлдей.
«Шашыңның бір түрікмен әр талына!» -
Серт етті қаршадай ұл кәнігі ердей!
***
Алмаған ұмыттыра заман сырды,
Ер жетті жаны өртті Амантұрлы.
Есіне жиі түсер жан апасы
Көрмеген түрікмен және адам ғұрлы.
Көрініс жүдетеді еңсені әлі,
«Түгендеп болғаным жоқ есені әлі!» -
Беймезгіл шаппады өзі жау ауылын
Реті талай-талай келсе-дағы.
Ызасын кек пен намыс ойнатардай,
Жүріпті жаудың жағы көп бата алмай.
Тиіссе түрікмен келіп қалады екен
Қазағың түрікмен түгіл тоқтата алмай.
Қолына қару алса күйік меңдер,
Жолдасы – Адайдағы сүйікті ерлер.
Құрбан ғып баяғы қыз басы үшін
Бастарын берді талай түрікмендер.
Аса алмас әруағынан, сірә бөтен,
Сесінен бесіктегі ұл тынады екен.
Шапқанда бөрі сынды жауға қарсы
От жанып қос иықта тұрады екен.
...Көп болды Адай-Жәуміт ұғыспады,
Қайқиып қайта шықты қылыштары.
Егескен екі жақ та өрекпиді
Таяу тұр тұтанғалы ұрыс тағы.
Қуарып селеу шашы самайдағы,
Қол созды көкке қарап талай кәрі.
Ел ішін үрей кезген ауыр шақта
Түс көрді бір бәйбіше Адайдағы.
«Қалың қол құла дүзге қостан-ғаны,
Сын сәтті ошарыла тосқан бәрі.
Кезенген қаруларын екі елдің
Сүзісті ортаға кеп қошқарлары.
Айқасты, екі дүлей тіресті кеп,
Мүйіздер шаңырақтай сіресті кеп.
Айтпағын Құдайекем аян етті
Әйтпесе, Алла даусын кім естімек?!
Іс алға сүрінбей-ақ баса ма ұдай,
Айтайын көргенімді тасаламай -
Шорт сынды ортасынан қазақтардың
Мүйізі қошқарының, Жасаған-ай!
Білмеймін мұны неге жорырымды,
Жақсы сөз – біздің елде зор ұғымды...
Әйтсе де осы жолы, Амантұрлы-ай,
Бөгей тұр кейінірек жорығыңды!».
«Тілегім болды қабыл көптен бергі,
Осы екен Амантұрлы жеткен жері!
Сөніп тұр иығында қос шырағы
Жеңілер батыр қазақ от-кеуделі!-
Кемпірі түс көрген соң түрікменнің,
Андыздап басы толық бірікті елдің.
Қауқылдап қуанды олар, ел сыйлаған
Қалдырмай кемпір түсі күдіктен дым.
Басталды, кешікпеді соғыс күткен,
Екі жақ өршелене тоғысты өктем.
Кезекпен ай қарайды, күн қарайды -
«Бітпейтін қатыгездік бұл іс неткен!».
Жиылып мың сан дию есіргендей
Дүбірі жердің бетін көшіргендей.
Жылқыдан кісінеген ауды ерлер
Мысалы, зәулім ағаш кесілгендей.
Ала шаң, айқай-ызың, жосылған қан,
Бір сәтте құлар аттан тосылған жан.
Мұндағы қасіретке көзін шылап
Мұнартып зарланумен қосылған маң.
Боқтайды бақырған үн «бері гел!» деп,
«Өлтірем, атаң аузы... сені мен!» деп.
Өліктен сүйретілген үріккен ат
Безеді құла дүзге едіреңдеп.
Қос ел де жігерге бай, намысқа бай,
Тіресті бірі ортадан алыстамай.
Тұлпардың тұяғына мылжаланып
Өлік боп сұлап жатты арыс талай.
Аямай бойындағы сарқа күшті,
Алдырмай Амантұрлы арпалысты.
Екі рет кірді-шықты қамалға ол
Қалдырмай жау тығылған қалтарысты.
Азулы айға шапқан арыстан-ды,
Айтулы ер құтқармайтын алысқанды.
Алыстан аңдып жүріп қыр арқадан
Найзасын түрікмен кеп шанышқан-ды!
Батырды осы болды тұралатқан,
Қара қан дерсің құдды бұлақ атқан.
Ышқынған қайран батыр бара жатты
Еңкейе ысырылып шұбар аттан...
***
Жетелеп кетті бауыр батыр атын,
Жыла күн, жоқта дала, шатына түн!
Мәрт халық «шейіт» десті аза тұтып
Майданда жау қолынан өлмедім деп
Батыры өкініштен «аһ» ұратын.
«Батырдың сұрауы бар» - үдей түскен
Мазалап қыңсылайды үрейі іштен -
Әйтсе де бұл ұрыста зор олжасы
Өлтіріп Амантұрлы баһадүрді
Отырды түрікмендер мерейі үстем.
Шаршатқан бітіспейтін бүлік елді,
Жетіп көр ерегістің түбіне енді?!
Тынғанда белін шешіп түрікмендер
Көршінің көңіліне күдік беріп
Тек кемпір қараңғыда күбінеді.
Қу құлқын өлмей көзі кенелер ме?
Қайғыдан пайда көрмек неге пенде?
Таласқан түнмен мыстан сияқтанып
Ағарған әлденені әлгі бейбақ
Тырмысып іледі кеп керегеге.
Шошыды қарап оған ауыл-аймақ:
«Әспеттер өлі дене – жауды байлап!
Аулаққа тастау керек, жесін ит-құс
Қайтеміз бір қазақты жағдайлап!-
Ызалы десе бірі, басу айтып
Тоқтатты кәрі молда «а, Құдайлап!»
-Үмбеті ед жау болса да мұсылманның
Ақ жуып қабірлейік, Алла алдында
Шалмасын жүзім күнә, абырой дақ!».
Жарылды осылайша пікір екі,
Дау болды екі айырған бүкіл елді.
Ал кемпір ер денесін тастамас деп,
Есеппен қазақтарды күтіп еді.
Бір Алла жар болса егер пендесіне,
Қоймаспыз түрікменнің бермесіне! -
Мүрдесін әкетуге батырының
Қазақтар келді жетіп ертесіне.
Тастамай жау қолына ер сүйегін
Жерлемек атамекен – жер төсіне!
Түрікмен ананы айтты, мынаны айтты,
Қазақтың ар-намысын сынап айтты.
Тимекке шымбайына жау қазақтың
Жоқ-барды әңгімені құрап айтты.
-Іс бітпес шақшабасқа еркін келіп,
Келгем жоқ кету үшін көркін көріп.
Кетелік, мықты болса қан майданда
Тұруға жер белгілеп, сертін беріп,-
Жас қазақ ақиланды жігерлене,
-Тәйт, бала, ақылға кел, желпінбелік,
Қан төксең кетеді ме дертің кеміп?!
Осылай кеңес құрған қазақтардың
Үстіне кірді еппен кемпір келіп:
-Өтетін өмір бойы жерге қарап,
Арысын жауға тастау – елге мазақ.
Келіссең, саудамыздың құнын айтам
Сүйегі батырыңның менде, қазақ!
...Кемпір тұр бұйдаларды қармай ала,
Қор бүгін – кешегі ер, қандай аға!
Қазақтар қайтты кейін сүйекті алып
Он сегіз айырбастап нар маяға.
Кемпір хош – көңілі өскен ұшқынданып,
Мүлгиді қаралы көш - міскін қалып.
Бұл ісін пенделердің шартарапқа
Жел кетті жеткізбекке сыпсың қағып.
Дудырап бұлт-тозаң боп ай бұрымы,
Маңайдан ішін тартып қайғы ұлыды.
Келеді өлікті артқан көш-керуен
Қайдасың, Маңғыстаудың Жарқұдығы?
Түйіліп ерді қимай сұрланды аспан,
Күледі түлкі-уақыт қырдан қашқан.
Қалыпты бұл тірлікте талас мәңгі
Бітпейтін жолдай болып қырларды асқан...
***
Сездіріп өткен күнді кеше небір,
Биік төбе басында кесене тұр.
Есе беріп көрмеген тақымды ұлға,
Батырым Амантұрлы жатыр мұнда -
Туу-өлу жазмыштан пешене-дүр...