МАСКҮНЕМ МОНОЛОГЫ
Уф-ф-фы!
Жарықтық!!!
Тамшысын таппай талықсып
Кеберсіп кепкен аңқамды
Жайнатып кетті-ау қарық қып!
Қайыршы етіп қаңғытып,
Жеткізді-ау зорға бағасы.
«Еңбекпен тапқан асыл дәм»
Жадыратуын қарашы!
Таптырып тұрса осы бір саумал несібем,
Көше – менікі, көсілем!
Арақ-әзәзіл дегендер әсте білмейді
Сабалы қымыз, қаймақты сүттен несі кем?!
Адамдар жайлы ойлағым тіпті келмейді,
Көңілді өкпе, көкіректі кек кернейді.
Бір жұтым таппай қолыңды жайсаң телміріп
Қалтасынан ап көк тиын жырып бермейді...
Дей берсін мейлі, көп болса бізді кінәлар,
Мен де жоқ оны құп алар.
Қайтерсің енді, түсінік жоқ қой оларда
Тамақтан сұйық өте алмай қалса не болар?
Қиналтты әбден біздерге қаржы бөлінбей,
Араққа қанып, өлсемші, шіркін, өкінбей!
...Дел-сал боп денем, шатынап отыр маңдайым
Көшеге барып еңбектенейін ерінбей!